Qazyr.kz порталы
АймақБілімРуханият

Ұлттық мұра мен ұстаз шеберлігі: Алматыда «Бабалар аманаты» байқауы ұйымдастырылды

2025 жылдың 11–12 желтоқсан күндері Алматы қаласында орта білім беру ұйымдарының қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдері арасында «Бабалар аманаты» республикалық байқауының өңірлік кезеңі өтеді деп хабарлайды Qazyr.kz.

Аталған іс-шара ұлттық рухты нығайтуға, тарихи тұлғалардың рухани мұрасын дәріптеуге және педагогтердің кәсіби, шығармашылық әлеуетін арттыруға бағытталған маңызды мәдени-білім беру жобаларының бірі болып саналады.

Байқау Алматы қаласы Білім басқармасына қарасты Қалалық білім берудегі жаңа технологиялардың ғылыми-әдістемелік орталығының бастамасымен ұйымдастырылып отыр. Іс-шара 2025 жылғы 11 желтоқсанда сағат 09:30-дан 18:00-ге дейін, 12 желтоқсанда сағат 09:50-ден 17:00-ге дейін Алматы қаласы Наурызбай ауданы, Шұғыла шағын ауданы, 347/4 мекенжайында орналасқан Оқушылардың инновациялық шығармашылық орталығында өтеді.

«Бабалар аманаты» байқауының негізгі мақсаты – атаулы тарихи күндер мен мерейтой иелерінің рухани, ғылыми және әдеби мұрасын кеңінен насихаттау, жас ұрпаққа ұлттық тарихты терең таныту, бабалар тағылымын қазіргі білім беру мазмұнымен ұштастыру.

Сонымен қатар байқау арқылы қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдерінің әдістемелік шеберлігін жетілдіру, шығармашылық ізденісін қолдау көзделген.

Байқауға Алматы қаласының сегіз ауданы – Алатау, Алмалы, Әуезов, Бостандық, Жетісу, Медеу, Наурызбай, Түрксіб аудандарының педагогтері қатысады. Сондай-ақ Алматы облысынан Қонаев қаласы, Іле, Қарасай, Райымбек аудандарының мұғалімдері, бұдан бөлек Түркістан облысы, Жетісу облысы, Жамбыл облысы және Шымкент қаласының білім беру ұйымдарының өкілдері бақ сынайды. Бұл байқаудың ауқымының кеңдігін және педагогикалық қауымдастық арасындағы ынтымақтастықты арттырудағы маңызын айқындайды.

Өңірлік кезең бес сайыстан тұрады. Әрбір сайыс 2025–2026 оқу жылына арналған әдістемелік нұсқаулық хатта көрсетілген тұлғалар мен шығармаларға негізделген. Атап айтқанда, «Ақынның қаламы – адалдық алаңы» сайысы қазақтың ұлы ойшылы, ақын Абай (Ибраһим) Құнанбайұлының 180 жылдығына арналады. «Айтсын деп ақиқатты тілді берген» атты ақындар айтысы халық ақыны Жамбыл Жабаевтың 180 жылдығын дәріптейді. «Бір шығарма ізімен» әдеби сайысы даңқты қолбасшы, жазушы Бауыржан Момышұлының 115 жылдығына арналған. «Ғалымның хаты өлмейді» сайысы ұлы ғалым, ағартушы Шоқан Шыңғысұлы Уәлихановтың 190 жылдығына арналса, «Өмір – өнер, өнер – өлшем…» сайысы қазақ қоғамының көрнекті қайраткері Міржақып Дулатовтың 140 жылдығына бағытталған.

Байқау барысында қатысушылардың білімі, шығармашылық ізденісі, сахналық мәдениеті, әдістемелік шеберлігі арнайы бекітілген критерийлер бойынша бағаланады. Қазылар алқасының құрамына білікті мамандар, өнер қайраткерлері, сондай-ақ Алматы қаласының тәжірибелі педагог-шеберлері енеді. Бұл байқаудың әділ әрі кәсіби деңгейде өтуін қамтамасыз етеді.

Қазылар алқасының шешімімен жеңімпаздар мен жүлдегерлер І, ІІ, ІІІ дәрежелі дипломдармен, естелік статуэткалармен және кітаптармен марапатталады. Барлық қатысушыларға арнайы сертификаттар табысталады.

«Бабалар аманаты» байқауы – ұлттық рухты жаңғыртып, тарихи сананы қалыптастыруға, ұстаздар қауымының шығармашылық әлеуетін дамытуға бағытталған тағылымды алаң. Мұндай іс-шаралар қазақ әдебиеті мен тарихын қазіргі білім беру үдерісімен сабақтастыра отырып, рухани құндылықтарды ұрпақтан ұрпаққа жеткізуге зор үлес қосады.

Ұқсас жаңалықтар

Қазақстанда буллингке қарсы отандық «ДосболLIKE» бағдарламасының апробациясы аяқталды: буллинг деңгейі төмендеді

admin_qazyr

Қазақстан тарихы тест

Redaktor Site

Уайымнан арылу жолы

Redaktor Site

Пікір жазу

Qazyr.kz