Qazyr.kz порталы
Жаңалықтар

Ордабасы жұмысшылары Конституциядағы өзгерістерді талқылады

рефрендумды қолдау

Жаңа Конституциядағы азаматтардың еңбек құқықтарын қорғауға бағытталған өзгерістер Түркістан облысы Ордабасы ауданының «Темірлан абаттандыру» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны жұмысшыларымен талқыланды.

Аталған жиынға «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» жалпыұлттық коалициясының өкілдері, Парламент Сенатының депутаттары Әли Бектаев пен Мұрат Қадырбек, облыстық мәслихаттың фракция жетекшісі Алтынсары Үмбетәлиев, облыстық мәслихат депутаты Ғани Райымбеков, саяси партиялар мен қоғам өкілдері қатысты.

Кездесу барысында жаңа Конституцияның еңбек қатынастары саласындағы жаңашылдықтары талқыланып, оның халықаралық еңбек стандарттарына сай азаматтардың құқықтарын қорғауды көздейтіні атап өтілді. Бұл өзгерістер еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, жұмыскерлердің әділ еңбекақы алуына және еңбек адамдарының құқықтық мәртебесін күшейтуге мүмкіндік бермек.

Сенат депутаты Әли Бектаев азаматтардың еңбек құқықтары енді тек Еңбек кодексімен емес, Конституциямен қорғалатынын айтып өтті.

«Еңбек ету, қауіпсіз жағдайда жұмыс істеп, әділ жалақы алу құқығы – бұл азаматтарға Ата заң деңгейінде берілетін ең жоғары кепілдік. Конституциялық деңгейде «еңбек құқығының» анықталуы мемлекетіміздің еңбек адамдары алдындағы әлеуметтік жауапкершілігін күшейтіп отыр. Жаңа норма азаматтарды жұмыспен қамтуға тең мүмкіндік жасап, еңбек саласында кемсітушілікке жол бермей, жұмысқа орналасуға мемлекет тарапынан нақты қолдауды қамтамасыз етеді», – деді Әли Бектаев.

Парламент Сенатының депутаты Мұрат Қадырбек конституциялық нормалардың Экономикалық, әлеуметтік және мәдени құқықтар туралы халықаралық пактіге толық сәйкес келетінін ерекше атап өтті. Ал Түркістан облыстық мәслихатының фракция жетекшісі Алтынсары Үмбетәлиев жаңа Конституцияның миллиондаған қазақстандықтардың үміті мен сенімін арқалап отырғанын, бұл құжат азаматтардың арқа сүйер тірегіне айналуы тиіс екенін айтты.

Коалиция мүшесі Бейбіт Биназаров пен ауданның беделді ақсақалы Лесбек Жүсіп Конституциядағы өзгерістер еңбек адамдарының әлеуметтік-еңбек құқықтарын қорғауға нақты конституциялық кепілдіктер беретінін жеткізді. Еңбек ұжымы Ата заңдағы бұл жаңашылдықтарға қолдау білдіріп, алдағы референдумда әділетті қоғам құру үшін өз таңдауларын жасайтынын мәлімдеді.

Ұқсас жаңалықтар

Президент Тоқаев Дональд Трампты құттықтады

redaktor_qazyr

Қазақстанда көктемгі егіс жұмыстары белсенді жүргізілуде: 908 мың гектар жер егілді

admin_qazyr

Елімізде Еуропалық иммундау апталығы басталады

admin_qazyr

Пікір жазу

Qazyr.kz