Алматыдағы алғашқы қалалық экохабта Дүниежүзілік қоршаған орта күніне орай «Эколог сағаты» акциясы өтті, деп жазады Qazyr.kz.
Іс-шара экологиялық мәдениетті дамытуға және жауапты тұтыну қағидаларын насихаттауға бағытталды. Акция Алматы қаласы Экология және қоршаған орта басқармасы мен Eco Almaty компаниясының қолдауымен ұйымдастырылды.
Жиынға қала тұрғындары, студенттер, түрлі ұйым өкілдері және экобелсенділер қатысты. Келушілер үшін қалдықтарды бөлек жинау бойынша шеберлік сабақтары, мамандар кеңесі және күнделікті өмірде қолдануға болатын экологиялық әдеттер туралы танымдық дәрістер өткізілді.
Қатысушыларға қалдықтарды сұрыптау тәртібі, пластик түрлерін қайта өңдеу ерекшелігі және бір реттік бұйымдарды азайтудың маңызы түсіндірілді. Экохаб мамандары қайта өңделген материалдардан жасалған жиһаз бөлшектері мен интерьер заттарын да көрсетті.
Акция аясында тұрғындар мен ұйымдар қалдықтарды қайта өңдеуге тапсырды. Көпшіліктің ерекше қызығушылығын экологиялық өмір салтына қатысты қарапайым кеңестер тудырды. Мамандар пластик пакеттің орнына көп рет қолданылатын сөмке, бір реттік ыдыстың орнына термос пен су құтысын пайдалану қалдық көлемін азайтатынын айтты.
Eco Network компаниясының операциялық директоры Хамза Сафаровтың айтуынша, экологиялық мәдениет білім мен жеке тәжірибе арқылы қалыптасады.
«Мұндай шаралар тұрғындарға қалдықтарды бөлек жинау қағидаларын тәжірибе жүзінде үйренуге, қайта өңдеу мүмкіндіктерін көруге және қалдықтың пайдалы бұйымға айналатынын түсінуге көмектеседі. Қоршаған ортаға жауапты көзқарас осындай қарапайым қадамдардан басталады», – деді ол.
Ұйымдастырушылардың мәліметінше, бір күн ішінде экохабқа мыңға жуық адам келген. Олар қайта өңдеуге жарамды қалдықтарды тапсырып, жауапты тұтыну мәдениетіне қызығушылық танытты.
Айта кетейік, экохаб – Алматыдағы экологиялық ағарту жұмыстарына арналған қалалық алаң. Мұнда тұрғындардың экологиялық мәдениетін арттыруға бағытталған дәрістер, шеберлік сабақтары және түрлі акциялар тұрақты түрде өткізіледі.

