Әбділда Тәжібаев (1909-1998) — ақын және драматург, филология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстанның халық жазушысы. Ол 1909 жылы Қызылорда (Ақмешіт) қаласында дүниеге келді. Қызылордадағы жетім балалар интернатында тәрбиеленген. Шымкент қаласындағы жетіжылдық мектепті оқып бітірген. С.М.Киров атындағы Қазақ Мемлекеттік Университетті (қазіргі уақытта Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университет), Мәскеудегі М.Горький атындағы әдебиет институты жанындағы Жоғары әдеби курсты бітірген. Еңбек жолын 1926-1928 жж. «Еңбекші қазақ» газетінде пошта-газет тасушысы болып бастаған, кейін корректор болып жұмыс атқарды.
Әбділда Тәжібаев 1927 жылдан бастап жаза бастады. Ең алғаш өлеңдері 1927 жылы «Жұмысшы» газетінде, кейін 1933ж. «Жаңа ырғақ» атты жинақ болып шықты. «Оркестр», «Құтқару», «Екі жиған», «Абыл», «Шын жүректен», «Сүйген жүрек», «Таныс дауыстар» атты поэмалары мен өлеңдері жарық көрді.
«Аралдар», «Жаңа өрімдер», «Кешеден бүгінге», «Кәне қоңырау», «Жастық жылдар», «Құрдастар», «Толағай» және т.б. жыр жинақтары философиялық бағытта белгіленген.
Дереккөз: Ә. Тәжібаев атындағы Қызылорда облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы