Дос ізде, қарғам, дұшпаның өзі табады,
Табады бір күн… жаныңа жара салады.
Көңіліңе қарап, көзіңе айтпайтын көп достан,
Бағалы кейде дұшпанның берген сабағы.
Дос ізде, қарғам, адамның болмас жаманы,
Жаман адамның да бір жақсы жері болады…
Қабаған еткен ғой … қараулық толы заманы,
Ит екеш ит те ызаланғаннан қабады.
Дос ізде, қарғам, дұшпанға болма назалы,
Боққа әуес адам қоясын жұрттың қазады.
Шындықты айтса болмасын тілі жазалы,
Азса егер қоғам, шындық жоқ жерде азады.
Дос ізде, қарғам, дұшпаның болсын кіл мықты,
Маңызды емес, кім ұтылды, кім жықты…
Мақтайтын жандар табылып тұрар қасыңнан,
Дұшпан да керек, шыжғырып айтар шындықты.