Qazyr.kz порталы
ӘмбебапРуханият

Әлия Молдағұлова жайлы

Әлия Молдағұлованың «Алла рақымына бөлесін» мергендер мектебіне табандылықпен өзі сұранып барғандығы..

1942 жылдың декабрь айының орта шенінде комсомолец жауынгерлер Ярославль облысының Рыбинск қаласындағы авиациялық техникумда өтетін комсомол жиналысына жинала бастады. Жиналысты жарияланған уақытта бастаймыз деп, секретарь алдында жатқан комсомол мүшелерінің тізіміне бір қарап, кімдер келгенін анықтай берді. Көп ұзамай комсомолецтердің бәрі бір кісідей түгел жиналғанына көзі жетіп, жиналысты ашық деп жариялаймын — деді ол.

— Жақында, — деді комитет секретары,- қалалық комсомол комитетіне ВЛКСМ Орталық Комитетінің бізге аса бір үлкен міндет жүктеген қаулысы келді. Онда осы 1942 жылдың декабрь айында Москва
түбінде Қорғаныс халық комиссариаты жанындағы «Главвсеобуч» басқармасының инициативасы бойынша үздік мерген әйел атқыштар дайындайтын мектеп ашылатыны, сонда оқуға өз еркімен тілек білдірген жасы 19-дан 25-ке дейінгі қыз-келіншектер тек қана комсомол ұйымдарының жолдамаларымен қабылданатыны айтылған. ВЛКСМ Орталық Комитеті біздерден ең таңдаулы комсомолдарды іріктеп, қалалық соғыс комиссариатына ұсынуға зор жауапкершілікпен қарауды талап етеді. Сондықтан біз ең алдымен сонда оқуға барамын деп тілек білдіргендердің тізімін жасап, содан кейін әрбір еріктіні жеке талқылауымыз керек.

🔹Қане, аталған мектепке оқуға барам дейтін комсомолкалар қолдарын көтеруді сұраймын. Залдағылардың басым көпшілігі 16—18 жасар жас өспірімдер еді. Сондықтан төрт-бес қыздан басқа ешкім қол көтере қоймады. Соларды тізімге жаза бастаған шақта алдыңғы қатарда отырған құмырсқа бел, қара домалақ қыз орнынан ұшып тұрып:
— Секретарь жолдас, ең алдымен тізімге мені жазыңыз, менің не себепті мергендер мектебіне барғым
келетінін жиналыстан көп бұрын комсомол комитетінде түсіндіріп, өзіңізге де айтқаным жоқ па? — деп еді, оның қасында отырған қыздар:
— Лия, саған мұнда не жетпей жатыр, бәрібір майдандағыларға сенен ешқандай көмек болмайды, — деп оны орнына отырғызғысы келіп, бірі қолынан, бірі
етегінен тартып шулап қоя берді. Зал іші абыр-дабыр болды да қалды. Біреулер: «тізімге тіркеуден бұрын Лияға снайперлік винтовканы ұстатайық. Егер қолы дірілдемесе — жарағаны»,- десе, екіншілері: «Мергендер мектебіне баруға соншама құлшынуының себебiн айтсын. Оны бәрібір қабылдамайды ғой, дегенмен Лияның сырын, мақсатын білгеніміз жөн ғой», – дейді. Жиналыс председателі әрең дегенде залда тыныштық орнатып: Лия, отырсайшы, — десе де бойын ыза кернеген
қыз айтқанға көнбей, комсомол комитеті секретарынан көзін алар емес.
— Лия,- деп сөзін бастады секретарь,
— бағана комитетте ВЛКСМ Орталық Комитетінің қаулысымен жеке өзіңді таныстырдым ғой. Онда мергендер мектебіне, тек он тоғыз жасқа толған қыздар алынады деп айдан анық жазылғанын өз көзіңмен көріп, оқыдың
ғой. Ал сенің «мен — Қазақстандықпын, мен — Ленинградтықпын, бауырластарым жаумен жағаласып, қанын төгіп жатқанда мен мұнда құр оқумен, мотормен
айналысып отыра алмаймын» деуің ешкімге дауа емес. Біздің бәріміз де майданға баруға ынталымыз. Сондықтан комсомол ұйымы ВЛКСМ Орталық Комитетінің қаулысына қарсы шығып, өздігінен саған ешқандай жолдама бере алмайды….
— Ендеше маған рұқсат етіңіздер, қазір мен қалалық соғыс комиссарына барамын, — деді де қайсар қыз буырқанған күйі аяғын тез-тез басып, есікке ұмтылды да, залдан ғайып болды…

🔹Қалалық соғыс комиссариатына
комиссар мен екеуінің сөзін естіген жауынгер Надежда Матвеева былай деді:
Қателеспесем, 1942 жылдың декабрь айының он екісі болу керек. Мен өзім есепте тұрған комсомол ұйымынан жолдама алып, қалалық соғыс комиссарына келгенімде, жуан дауысты еркек:
— Молдағұлова жолдас, айтқанды тыңдау керек. Жасым он тоғызда дейсің, ал қолыңдағы паспортта сен 1925 жылы 15 июньде ғана дүниеге келгенің көрсетілген. Демек, сен жақында ғана он жетіге толдың. Мұның растығын бойың да, мінезің де, бет әлпетің де дәлелдеп тұр, — дегенін есіктің сыртынан естідім.
Оған Әлия:
— Комиссар жолдас, мен Ленин қаласында блокадада болған адаммын, сондықтан бойымның өспей қалғандығын, нәзіктігімді есепке алмаңыз, және көріп тұрсыз ғой, мына паспорт осында берілген. Мұнда менің атым да, фамилиям да дұрыс жазылмаған. Мен
Әлия Молдағұловамын, ал мұнда Лия Магдагулова деп көрсетілген. Мені мергендер мектебіне қалай етсеңіз де жіберіңіз… — деді.— Жібермейтін болсаңыз, кабинетіңізден кетпеймін…
— Сонда осында түнемекпісің?
— Түнеймін! Түнеймін! Түнеймін! Жылаған
дауыс естілді.
— Қанша жыласаң да саған көмек болмайды, техникумыңа бар, оқуыңды оқы!
— Жоқ, бармаймын!
— Ендеше кабинетті босат, жұмыс істеткіз!
— Мен бұл жерден кетпеймін дедім ғой, сіз тілегімді орындағанша осында боламын.
— Бұлай десең, күштеп шығаруға мәжбүр боламын, — деді де комиссар кабинетінің есігін ашып, бір әскери адамды шақырды. — Мына қызды кабинеттен
шығаршы, — деп бұйрық берді. Еңгезердей адам қойсын ба, комиссарға бағынбай тұрған қызды дәлізге шығарды. Кезегім жетіп, комиссарға жолдамамды тапсырып, мергендер дайындайтын мектепке түсу үшін документтерді толтырып, комиссариатынан шықсам,
соның қорасының шеткі бір бұрышында өксіп-өксіп жылап отырған бағанағы өжет қызды кайта көрдім. Байқасам, пiшiнi бiздiң жақтың адамдарына ұксамайды. Неге екенін білмеймін, оны қатты аяп кеттім де, жанына бардым.
— Жылама, сіңілім, мен жиырма бірдемін, әйтсе де менi әрең жiберетін болды. Соғыстың тез арада біте қоятын түрi жоқ. Майданға да барарсың, — дедiм басын сипап. Ол көп уакыт теріс айналып, үн қатпай отырып алды. Мен де қасынан кетпедім. Біраздан кейiн мен тағы да басын сипап:- өкпеңді бас, танысайық, менің атым — Надежда, осы қаланың байырғы тұрғынымын, — дедім.
Апай, кешірерсіз, әр кезде менің талабым осылай оңсыз болып келеді, соған ызаланамын. Менің атым Лия, авиациялық техникумның мотор маманын даярлайтын бөлімінің студентімін…- деп айтты да: — Надя апай, мен бәрiбiр сізбен бірге кетемiн, бiрге оқимын,- деді. Өте жақсы, бірақ бұл талабыңнан не шығарын кім білсін, тіпті комиссарды да ашуландырып, өзіңе қарсы қойдың,- деп шынымды айттым.

🔹Сөйтіп, Лиямен алғаш рет осылай танысып, шүйіркелесiп, дос болып кеттім. Ол күнбе-күн соғыс комиссариатына бара жатып, онан қайтып келе жатып, маған соғады. Өткен өмір жолын, Ленинградта блокадада болған кезде Ленин қаласы тұрғындарының басынан кешiрiп жатқан киыншылықтарын, ерліктерін айтады, кейде карт акын Жамбылдың өлеңдерін оқиды.
— Фашистердің қандай айуан екенін мен Ленинградта блокадада болған бір жылда
жақсы түсінгенмін. Сол кез есіме түсіп кеткенде мына қолыммен ең болмаса бір фашистің кеңірдегiнен алып, буындырсам, я болмаса қолыма винтовка алып, о дүниеге жөнелтсем деп армандаймын. Жоқ, Надюша, мен бәрібір сенімен бірге мергендер мектебіне барамын, көрерсің әлі! — деп кімге екені белгісіз, түсін суытып, жұдырығын түйіп, қолын сермеді.
Лияның фашизмге, жауыз басқыншыларға деген күннен-күнге өрби түскен өшпенділігінде шек жоқ екендігін әлдеқашан сезсем де, бұл жолы оның мақсатына жетпей қоймайтынына көзім әбден жетті. Шынында солай болды да. Ол ақыр аяғында қалалық соғыс комиссарының келісімімен біздің тізімге ілінді, менімен бірге мергендер мектебіне оқуға түсті. Бірақ бұл Әлияның табандылықпен жеңген алғашқы белесі ғана еді…

Мәліметтер, » Арулар отты жылдарда» кітабынан қысқартылып алынды. «Қазақстан» баспасы. Алматы — 1975.

Ұқсас жаңалықтар

Қазақстан тарихы тест

Redaktor Site

МІНЕЗІҢДЕГІ АУРУЛАРДАН ҚҰТЫЛ

redaktor_qazyr

Қазақтың ақын,жазушысы “Мұқағали Мақатаев сорлы еркек» деп атаған блогер сынға қалды

redaktor_qazyr

Пікір жазу

Qazyr.kz