2025 жылғы 7–11 сәуір аралығында Страсбург қаласында Еуропа Кеңесі Парламенттік Ассамблеясының (ПАСЕ) кезекті сессиясы өтіп жатыр. Аталған іс-шараға Алматы облысынан арнайы келген делегация қатысуда. Делегация құрамында Қазақстан халқы Ассамблеясының алты өкілі бар деп хабарлайды Qazyr.kz
Сессия аясында Алматы облысының делегациясы Еуропа Кеңесінің штаб-пәтерінде «Қазақ бұрышы» атты мәдени алаң ұйымдастырды. Бұл бастама – Алматы облысы әкімдігі мен Францияның Эльзас өңіріндегі Еуропалық қауымдастық арасындағы өзара ынтымақтастық жөніндегі меморандум аясында жүзеге асырылып жатқан нақты жобалардың бірі. Айта кету керек, бұл меморандум Қазақстан Республикасының Президенті 2024 жылы Парижге жасаған мемлекеттік сапары қарсаңында қол қойылған болатын.
«Қазақ бұрышында» Қазақстанның мәдениеті мен дәстүрлерін таныстыратын бірегей көрме ұсынылды. Қонақтардың назарына фото және бейнематериалдар, кітаптар мен ақпараттық брошюралар, ұлттық нақыштағы қолөнер бұйымдары, сондай-ақ қазақ халқының дәстүрлі киімдері мен ұлттық тағамдары ұсынылды. Бұл мәдени алаң еліміздің бай мәдени мұрасын, фольклорын және туристік әлеуетін кеңінен насихаттауға бағытталған.
Сессия барысында Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдық мерейтойы да ерекше атап өтілді. Бұл бірегей институт елдегі этносаралық келісімді нығайтуда және азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарып келеді.
Алматы облысы «Қоғамдық келісім және даму орталығы» КММ басшысы Елбосын Абай өз сөзінде:
– Страсбург қаласында Еуропа Кеңесі Парламенттік Ассамблеясының сессиясы аясында ұлттық мәдениетімізді таныстыру мақсатында «Қазақ бұрышын» ұйымдастырдық. Қазақстан халқы Ассамблеясының атынан Еуропа жұртшылығына халқымыздың тағамдарын, фольклорын, қолданбалы өнер туындыларын және ұлттық салт-дәстүрлерімізді таныстырып жатырмыз, – деп атап өтті.
Іс-шара аясында домбырашы Е. Дүкеннің орындауындағы қазақтың халық күйі «Көроғлы» еуропалық қонақтар мен қазақ диаспорасы өкілдерінің ерекше ықыласына бөленіп, ұлттық өнерге деген қызығушылықты арттырды.