Алматы қаласы ресми түрде Түркі әлеміндегі Жастар астанасы мәртебесіне ие болды. Бұл мәртебе — қалада жүйелі жүргізіліп жатқан жастар саясатының нәтижесі ретінде Түркі мемлекеттері ұйымының шешімімен берілді деп хабарлайды Qazyr.kz
Қала әкімдігінің мәліметінше, бүгінде Алматыда 712 мың жас тұрады. Бұл – мегаполис халқының үштен бір бөлігін құрайды. Соңғы жылдары қалада жастардың шығармашылық, кәсіпкерлік және әлеуметтік әлеуетін арттыруға бағытталған ірі бастамалар жүзеге асуда.
Қазіргі таңда Алматыда 11 комьюнити орталық жұмыс істейді. Жыл соңына дейін тағы 5 орталық ашылмақ. Бұл орталықтар – жастардың өзін дамытуына, пікір алмасуына, IT саласында білім алуына, тілді меңгеруіне, бизнес бастауына мүмкіндік беретін алаңдар. Мұнда жасөспірімдерден бастап жас аналарға дейін, NEET санатындағы жастар мен болашақ кәсіпкерлер қамтылған.
Жарты жыл ішінде бұл орталықтарда 1000-нан астам іс-шара өтіп, 100 мыңнан астам жас қатысқан. Бұл – Алматының жастар саясаты бағытында нақты нәтижелерге қол жеткізіп отырғанын көрсетеді.
Тамыз айы Алматыдағы жастар үшін ерекше кезең болды. 3–12 тамыз аралығында қалада ALMA LOVE атты жастар фестивалі өтіп жатыр. Ол бүкіл қаланың 8 ауданын қамтып, концерттер, квесттер, зияткерлік баттлдар сияқты түрлі форматтағы іс-шараларды қамтиды. 12 тамыз – Халықаралық жастар күнінде ашық аспан астындағы үлкен концертпен фестиваль қорытындыланады. Бұл кеште белсенді жастар марапатталып, танымал әртістермен бірге өнер көрсетеді. Сонымен қатар, «Алматы – менің алғашқы махаббатым» атты жарық шоу ұсынылады.
18 тамыз күні Алматы Түркі әлемінің Жастар астанасы ретінде ресми танылады. Салтанатты шара барысында түркі елдерінен келген жастар делегациялары қатысатын үлкен мәдени фестиваль өтеді. Қонақтар VR-күй тыңдап, этно-баттлдар мен стартап-аймақтарды тамашалап, шеберлік сабақтарына қатыса алады. Алматыға түркі жастарының символикалық кілті табысталып, қала жастар ынтымақтастығы мен идеялар тоғысының символына айналады.
Бұл мәртебе — Алматының халықаралық жастар кеңістігіндегі рөлін арттырып, жаңа жобаларға жол ашады. Жастарды саяси ойындарға араластырмай-ақ, олардың креативі мен әлеуетін пайдалану арқылы қаланы дамытудың үлгісі ретінде Алматы өз мүмкіндігін толық көрсетіп отыр.