Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды жұмыс сапары барысында Желтоксан көшесі мен Райымбек батыр даңғылындағы BRT (жылдам автобус көлігі жүйесі) желісінің құрылыс барысымен танысты деп хабарлайды Qazyr.kz
Әкім қалалық мобильділік басқармасының басшысы Сағындық Телібаевқа барлық жол жүру бөлігіндегі жұмыстарды, соның ішінде жол белгілерін сызуды, тамыз айының соңына дейін аяқтауды тапсырды. Сонымен қатар, жаяу жүргіншілерге арналған бөлікте қосымша жарықтандыру орнату мен көгалдандыру аумағын кеңейту жөнінде нұсқау берілді.
Желтоксан көшесінде ұзындығы 4,6 шақырым болатын BRT жолағы жолдың шеткі бөлігінде орналасады. Бұл желі Тимирязев көшесі бойындағы жұмыс істеп тұрған BRT желісін Райымбек батыр даңғылындағы салынып жатқан учаскемен байланыстырады.
Қазіргі таңда жиектастар түзетіліп, арықтардың бір бөлігі жаңартылды, тротуарлардың 60 пайызына тас төселді. Жол жамылғысының басым бөлігі жаңартылып қойған.
Сондай-ақ әкім Райымбек батыр даңғылындағы BRT учаскесін қарап шықты. Мұнда да бөлінген арнайы жолақтар, жаңа аялдамалар мен «фасадтан фасадқа дейін» қағидаты бойынша абаттандыру жұмыстары жоспарланған.
Дархан Сатыбалды BRT жүйесінің кеңейтілуі қаланың көлік инфрақұрылымын дамыту жөніндегі мастер-жоспардың маңызды бөлігі екенін атап өтті. Жауапты басқармалар мен мердігер ұйымдарға құрылыс жұмыстарының қарқыны мен сапасына ерекше назар аудару тапсырылды. Сонымен қатар, жоба іске асырылып жатқан барлық кезеңде жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету және қала тұрғындарын өзгерістер туралы уақтылы хабардар ету қажет екенін ескертті.
Мамандардың болжамынша, жоба толығымен аяқталғаннан кейін қоғамдық көліктің орташа қозғалыс жылдамдығы 50–70%-ға дейін артады.