Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды Ұлыбританияның жетекші оқу орындарының бірі – Coventry University өкілдерімен кездесу өткізіп, мегаполисте инженерлік кампус ашу жөніндегі серіктестік мүмкіндіктерін талқылады, деп хабарлайды Qazyr.kz
Кездесуге Coventry University-дің кәсіпкерлік және инновациялар жөніндегі проректоры Пол Нун, Primus Education президенті Алистер Бартоломью және Coventry University Kazakhstan президенті Мирас Дауленов қатысты.
Айта кетейік, Coventry University Kazakhstan – елімізде ресми түрде ашылған алғашқы шетелдік университеттердің бірі. Оның алғашқы кампусы 2024 жылы Астана қаласында жұмысын бастады. Бүгінде онда 360-тан астам студент білім алуда. Барлық оқу үдерісі ағылшын тілінде жүргізіледі, ал оқытушылар құрамы Ұлыбританиядан шақырылған мамандардан тұрады.
Кездесу барысында Дархан Сатыбалды Мемлекет басшысының ғылымды дамытуға, заманауи технологиялар мен инновацияларды енгізуге ерекше көңіл бөлетінін атап өтті.
– Алматы қаржы және іскерлік хаб қана емес, сонымен қатар ғылыми-білім беру орталығы ретінде де дамып келеді. Қалада 2,5 миллионға жуық халық тұрады, оның 30 пайыздан астамы – жастар. 200 мыңнан астам студент 35-тен аса жоғары оқу орнында білім алуда, – деді әкім.
Coventry University Kazakhstan алдағы уақытта Алматы қаласының бизнес қауымдастығымен, жергілікті басқару органдарымен және жоғары оқу орындарымен тығыз стратегиялық ынтымақтастық орнатуды жоспарлап отыр. Негізгі мақсат – еңбек нарығында сұранысқа ие мамандарды даярлап, мегаполистің технологиялық дамуына үлес қосу.
Жаңа инженерлік кампуста машина жасау, электроэнергетика, атом энергетикасы және құрылыс салалары бойынша мамандарды даярлау көзделіп отыр.
– Біздің мақсатымыз – ақпараттық технологиялар, қаржы, бизнес және кәсіпкерлік сияқты елдің негізгі салаларын дамытуға үлес қосатын білікті кадрларды даярлау. Алматы – қарқынды дамып келе жатқан, жас мамандарға жоғары сұраныс бар қала. Сондықтан біз өз бағдарламаларымызды тек Астанаға емес, бүкіл Қазақстанның еңбек нарығының сұранысына бейімдеп отырмыз, – деді Мирас Дауленов.
Кездесу соңында Дархан Сатыбалды Алматы қаласының әкімдігі білім беру саласын дамытуға бағытталған бастамаларды жан-жақты қолдауға дайын екенін атап өтті.