Алматы қаласында 24–28 маусым аралығында «Заң мен тәртіп» атты апталық басталды. Бұл бастама құқықтық мәдениетті арттыру, заң бұзушылықтың алдын алу және азаматтар мен мемлекеттік органдар арасындағы байланысты күшейтуге бағытталған. Апталық аясындағы шаралар туралы Алматы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз жиынында мәлім болды деп хабарлайды Qazyr.kz
Алматы қаласы прокуратурасының ресми өкілі Райымбек Шәріпбаевтың айтуынша, акцияның басты мақсаты – заңның үстемдігін қамтамасыз етіп, қоғамда билікке деген сенімді арттыру.
«Заң – тек ережелер жиынтығы емес. Ол – қауіпсіздік пен әділдіктің кепілі. Біз заң бұзушылықпен тиімді күресе білсек, қоғамда заңға құрметпен қарау мәдениеті қалыптасады», – деді ол.
Апталық барысында қала бойынша жылжымалы құқықтық топтар құрылып, түрлі аудандарда тұрғындарға тегін кеңес беру жұмыстары қолға алынған. Бұл топтарға прокуратура, полиция, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет, экономикалық тергеу департаменті мен әкімдік өкілдері енген. Тұрғындар заң бойынша өз құқықтарын қалай қорғауға болатынын біле алады.
Жылжымалы топтар келесі кесте бойынша жұмыс істейді:
24 маусым – Алмалы және Бостандық аудандары;
25 маусым – Жетісу және Медеу аудандары;
26 маусым – Әуезов және Түрксіб аудандары;
27 маусым – Наурызбай және Алатау аудандары.
Сонымен қатар, қала прокуратурасы жүзеге асырып жатқан «Құқықтық дәріхана» жобасы да ерекше назарға ие. Аптаның ортасында (сәрсенбі–жұма) кешкі 17:00–20:00 аралығында ірі сауда орталықтарында (Dostyk Plaza, MEGA Alma-Ata, Grand Park) азаматтарға тегін кеңес беріледі. Тұрғындар өз мәселелерін ортаға салып, нақты құқықтық жауап ала алады.
Қоғаммен ашық диалогты қамтамасыз ету мақсатында «Сенім телефоны» іске қосылып, заң бұзушылықтар туралы хабар беруге мүмкіндік жасалды. Сондай-ақ, жастармен жұмыс бағытында «Zhastarmen» Telegram-арнасы іске қосылып, 4000-нан астам жас платформаға тіркелген. Олар құқықтық ақпарат алып, есірткіге қарсы акцияларға қатысуда.
«Telegram-арна арқылы тыйым салынған контент таратқан жүздеген арна бұғатталып, 6000-нан астам заңсыз граффити жойылды. Ал 26 маусымда Махатма Ганди саябағында жастардың қатысуымен есірткіге қарсы флешмоб өтеді», – деп мәлімдеді Райымбек Шәріпбаев.
Алматы қалалық полиция департаменті де жастар арасындағы тәртіп пен қауіпсіздікке баса мән беріп отыр. Ресми өкіл Салтанат Әзірбектің айтуынша, полиция есірткіге, киберқылмысқа және жасөспірімдер арасындағы заң бұзушылықтарға қарсы нақты шаралар қабылдауда.
«Мектептер мен колледждерге барып, жастармен жеке әңгімелесу – біз үшін маңызды. Олармен еркін байланыс орнату арқылы алдын алу шараларын күшейтеміз», – деді ол.
Апталық аясында Экономикалық тергеу департаменті де өз бағдарламасын ұсынды. Алаяқтықтың алдын алу, азаматтардың қаржылық сауатын арттыру бағытында «Ашық есік күндері», кинологтармен танысу, сондай-ақ «XXI ғасырдың қаржы триггері» атты форум өткізу көзделуде. Форумға сарапшылар, заңгерлер мен қаржы саласының өкілдері қатысып, халыққа нақты кеңестер береді.
«Біздің мақсат – тұрғындардың қаржылық және құқықтық сауаттылығын арттыру арқылы заңсыздықтарға қарсы тұру. Азаматтардың құқықтарын қорғау – басым бағытымыз», – деді ЭТД өкілі Жақсылық Мырзахан.
Бұған дейін де ведомство жастармен бірлесіп, қаржылық сауаттылық бойынша олимпиадалар өткізген.
«Заң мен тәртіп» апталығы – бұл қоғам мен мемлекет арасындағы серіктестікті нығайтып, құқықтық мәдениетті жаңа деңгейге көтеруге арналған маңызды бастама. Ұйымдастырушылар алматылықтарды осы іс-шараларға белсенді қатысып, заң мен тәртіпке бірге үлес қосуға шақырады.