«Таза Қазақстан» республикалық бағдарламасы және «Алматы – біздің ортақ үйіміз» қалалық науқаны аясында қалалық ортаны жақсартуға және қалдықтарды тұрақты өңдеуге бағытталған кезекті жоба іске қосылды, деп хабарлайды Qazyr.kz
Тоқыма қалдықтарын жинау, сұрыптау және қайта өңдеуге бағытталған FABRIKA жобасы бір айдың ішінде алғашқы нәтиже көрсетті. Бүгінгі таңда қалада 18 арнаулы контейнер орнатылды, жақында тағы 22 контейнер орнату жоспарланған. Болашақта жобаның қамту ауқымы Алматының басқа аудандарына да кеңейтіледі.
Іске қосылған сәттен бастап 20 000 килограмнан астам тоқыма жиналды, ол сұрыпталып, қала аумағында қайта өңделеді. Бұл материалдардан өнеркәсіпте қолданылатын қайта өңделген талшық пен сүрту шүберектері жасалады. Сонымен қатар, жиналған киімнің шамамен 13%-ы қайырымдылық ұйымдарына беріледі, себебі олар әлі де пайдалануға жарамды.
Экологиялық бағалаулар бойынша қазірдің өзінде жиналған көлемді қайта өңдеу 74 000 килограмнан астам CO₂ эквивалентінің ауаға таралуын болдырмауға мүмкіндік береді – бұл мөлшердегі көмірқышқыл газын бір жылда 3 730-дан астам ағаш сіңіре алар еді.
Қазақстандағы осындай ауқымдағы алғашқы бастама FABRIQA жобасы Алматы қаласының Экология және қоршаған орта басқармасының қолдауымен жүзеге асырылған. Жоба экологиялық тұрақты шешімдердің тиімді әрі әлеуметтік маңызы бар екенін көрсетіп отыр. Мақсаты – ай сайын 120 000 килограмға дейін тоқыма қалдықтарын жинап, олардың полигонға тасталуын азайту және қала тұрғындарын саналы тұтыну мен қайта өңдеу мәдениетіне тарту.