Алматы қаласының айналасында экотуризм бағытында жаңа жобалар іске асырырулуда деп хабарлайды Qazyr.kz .Солардың бірі — Горельник шатқалында салынып жатқан жаңа жаяу жүргінші көпірі мен туристерге арналған инфрақұрылым. Бұл бастама Алматының экологиялық туризмін тұрақты дамытуға серпін бермек.
Қазіргі кезде Горельник шатқалында ұзындығы 77 метр болатын Arman-köpir атты заманауи көпірдің құрылысы аяқталуға жақын. Жоба қыркүйек айында толық іске қосылып, мыңдаған турист пен қала тұрғындарына қолжетімді болады деп жоспарланып отыр. Көпір шатқалдың екі жағалауын байланыстырып, табиғат әуесқойлары мен мектеп оқушыларына арналған «Мың бала» спорт клубына апаратын жолды жеңілдетеді.
Бұл бастама — Алматы маңындағы экотуризм нысандарын дамытуға бағытталған кешенді жоспардың бір бөлігі. Жобаны отандық жеке компания мен Швейцарияның Swissrope Ltd компаниясы бірлесіп жүзеге асыруда. Swissrope Ltd Еуропадағы таулы аймақтар мен қорықтарда салынған аспалы көпірлерімен танымал.
Шатқал аумағында спорттық және білім беру мақсатындағы көпфункциялы спорт залы салынып жатыр. Оның аумағы 900 шаршы метрден асады. Сонымен қатар 12 модульдік капсула орнатылып, балалар мен спорттық топтардың табиғат аясында жайлы демалуына жағдай жасалады. Бұл кешен жыл бойы жұмыс істеп, жастарды табиғатқа баулу мен салауатты өмір салтын қалыптастыруға үлес қосады.
Горельник шатқалы қалаға жақын орналасуының арқасында алматылықтар мен туристер арасында сұранысқа ие демалыс орнына айналып үлгерді. Жыл сайын Алматы маңындағы шатқалдар мен табиғи саябақтарға 1 миллионнан астам турист келеді. Соңғы жылдары Медеу, Шымбұлақ, Бутаковка, Көкжайлау және Горельник сияқты танымал бағыттарға экологиялық жүктемені азайту мәселесі өзекті болып отыр.
Осыған байланысты көктемде Горельник шатқалында ұзындығы 285 метр болатын жаңа жаяу жүргінші соқпағы — «Жұмбақ жол» ашылды. Бұл соқпақ табиғат көрінісін тамашалай отырып, арнайы визит-орталыққа жетуге мүмкіндік береді. Жаяу жүргінші жолы бойына демалыс аймақтары, ақпараттық стендтер, түнгі жарықтандыру жүйесі орнатылған. Мұндай инфрақұрылымдар экотуристерге қолайлы орта қалыптастырып, табиғатты сақтау мәдениетін насихаттайды.
Қала әкімдігі мен Экология және қоршаған орта басқармасының мәліметінше, Алматыда алдағы жылдары экотуризм бағытындағы бірқатар жоба жүзеге асады. Оның ішінде жаяу және вело бағыттарды көбейту, ақпараттық орталықтар ашу, қауіпсіздік шараларын күшейту және қорық аймақтарындағы тазалықты сақтау маңызды міндет болып отыр.
БҰҰ Даму бағдарламасы мамандарының мәліметінше, Алматының Іле Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи паркі — Қазақстандағы ең көп баратын экотуризм аймақтарының бірі. 2023 жылы ұлттық парк аумағына келушілер саны 1,5 миллионнан асты.
Мамандар табиғатты сақтау мен туризмді үйлестіре дамыту үшін жаңа эко-технологияларды қолдануды, тұрақты туризм қағидаттарын ұстануды ұсынады.
Горельник шатқалындағы жаңа көпір мен «Жұмбақ жол» соқпағы — осы бағыттағы нақты қадамдардың бірі. Алматы тұрғындары мен қала қонақтары енді табиғат аясында қауіпсіз демалып, экологиялық мәдениетті бойына сіңіріп, келешек ұрпаққа табиғи байлықты сақтауға үлес қоса алады.