Қызмет, жұмыс деп жүріп, оның үстіне денсаулық та сыр беріп, он жыл дегенде ұлымыз дүниеге келді. Сосын араға тағы сегіз жыл салып қызды болдық. Құдайдың бұйыртқаны осы болар деп, екеуінің бетіне жел тигізбей, басынан күн өткізбей өсірдік. Ұлым екі университетті қызыл дипломмен бітірді. Қазір бір мекемеде басшы боп отыр. Сол балам мектеп бітіргенде бізбен қатарлас достарымыздың алды келін түсіре бастады. Ерте үйленіп, ерте балалы болғанның пайдасы сол ғой. Оларға қарап біз де қызықтық. Сөйтіп балама «сүйген қызың болса әкеле бер, біз келін түсіруге дайынбыз» деп айтып қойдым. Іштей өзім де дос-жарандарымыздың, әріптестеріміздің арасынан құда болуға жарайтын адамдарды пайлап, қызы бар үйге көз сала жүрдім. «Баламыз жалғыз ғой, ұнамаса басқа келінді қолымда алып қалам дейтіндей вариант жоқ. Сондықтан келін таңдауда шатаспауымыз керек» деп күйеуіме де айтып қоюшы едім. Бірақ бұйрықтан асқан пенде бар ма, балам бір қызымен уәделесіп, жүретінін айтты. Ата-анасы шаруа адамдар екен, мал бордақылап, егін егумен айналысады екен. «Балам-ау, ауылда нең бар, қалада қыз құрып қалды ма» деп ары-бері айтып көріп едім, көнбеді. «Сен оқыған, болашағы бар жігітсің, кішкене өзімізбен терезесі тең, жағдайы деңгейлес, текті адамдармен құда болайық, мен сені сондай әулеттің қыздарымен таныстырам» деп те көрдім. Айтқанынан қайтпай тұрып алды, «сүйем-күйем» деп. Не керек, тәтті шайға бардық. Құдай кесірлік етпесін, бірақ болашақ құдаларымның түр-әлпеті бір көргеннен ұнамады маған. Кейде сондай болады ғой, ол адамды танымасаң да, саған ештеңе істемесе де түрі суық, жағымсыз боп көрінетін. Құда-құдағиды алғаш көргенде менде сондай пікір қалыптасты. «Ойпырмай, мына кісілермен тойда қалай қатар тұрам» деп ішім қылп ете қалды. Келінімнің түрі оларға мүлдем ұқсамайды, әдемілеу екен. Оған да шүкір дедім. Не керек, өзіміз қаламаған адамдармен құда боп, тойды дүркіретіп өткізіп алдық. Келініміз жақсы, аяқ-қолы жылдам, бізді ерекше құрметтеп, бар шаруаны дөңгелетіп әкетті. Бірақ сол күйі құдалармен қарым-қатынасымыз біз қалағандай боп кетпеді. Қазақта «түк көрмеген» деген сөз бар ғой, сол менің құдаларыма арнап айтылған сияқты. Жағдайы асып-тасып жатпаса да өздеріне лайықты дүние мүлкі бар. Тіпті қаладан екі пәтер алып, жалға беріп қойған екен. Дегенмен тиын шығармау үшін тісін сындыруға дайын тұрады. Құдалықтың өзінде «құпия-сыры» ашылып қалған. Апарған киіт-қоржынымызға қатып қалған тас кәмпиттер мен арада әбден жүріп, киюге жарамсыз мата-шүтелерін салып жіберіпті. Үйге келіп, ағайын-туыстың алдында ашуға ыңғайсызданып, үйдегі тәуірлеу маталарды қосып салып қойдым. Берген алтынын да бәрінен жасырып, өзімдегі алтындармен алмастырдым. Қайтейін, бәрі өзіміздің абыройымыз үшін ғой. «Қалың малға» деп бір жарым миллион теңге апарғанбыз. Келіннің артынан келген дүниенің түрін көрсеңіз ғой, ұяттан жерге кіріп кете жаздадым. Бір «спальный гарнитурдан» басқа түгі жоқ. «Өзім әкелме дегем, үйде бәрі бар ғой» деп құдағиымды көпшіліктің көзінше ақтап алдым. Қоя берші, екеуі бақытты боп кетсе болды деп ойладым. Біздің өзіміздің араласатын кішігірім ортамыз бар. Жылына екі рет, жігіттердің және қыздардың мерекесінде құда-құдағиларымен бас қосып, мерекені тойлайтын дәстүр қалыптасқан. Құда болғанымызға бір жыл болғанда әлгі достарымыз «Сендердің де құда-құдағиларың бар ғой, ортаға қосыңдар, араласайық, танысайық» деп қоймады. Іштей қаламай тұрсам да достарымыздың көңілі үшін кезекті бір басқосуға келіннің әке-шешесін шақырдық. О баста ол кісілерге түсіндіріп айтқам, «жылына екі рет осындай отырыс болады. Жігіттерді күтерде әйелдер жағы ішкен-жегенімізді ортаға шашып, төлеп кетеміз. Қыздардың мерекесінде құдалар солай етеді» деп. Олар да «жарайды, барамыз» деп бәрін түсінгендей болған. Отырыс болатын күні ауылдан келді. Киім киістері, жүріс-тұрыстары көңіліме қонбаса да, жұртқа білдірмей, асты-үстіне түсіп күттік. Іштік, жедік, биледік. Енді қайтар уақыт жақындап, құдалар жағы шот төлеу үшін сыртқа шығып кеткен. Сөйтсе сонша еркектің ішінен біздің құда «не деген қымбат мынау мейрамхана, бір тойдың ақшасы кетті ғой, бұлай болмайды» деп өкпелеп, әжептеуір әңгіме айтыпты. Менің күйеуім де мәрт адам ғой, «Құда, бір жолға мен төлейін, сіз қонақ есебінде келдіңіз ғой» деп орнына ақша төлеп кетіпті. Естігенде жыным келді. Келесі жылы жігіттердің мерекесінде бас қостық. Бұл жолы құдағиға «келіңіздер» деп айтпадым. Бірақ ортақ чаттан оқып отырған, ұялмай-қызармай келіпті. Шотты төлерде тағы сол, «Құдағи, менде бар-жоғы 20 мың еді, мұншалықты көп боп кетерін білмеппін, арақ-шарапты көп ішеді екенсіздер» деп қолында барын ұсынды. Тағы да өзім қостым. Бірақ «отырыстың тәртібі осындай ғой, мен баста түсндіріп айттым ғой» деп сөйлеп, ішімдегіні айтып тастадым. Құда болғанымызға бес жылдан асып қалды. Немерелерге бесік той, тұсаукесер жасап жатырмыз. Осы жылдар ішінде құдағиым ғой деп иығыма жібі түзу орамал жаппапты. Алымы жақсы, шығымы жоқ адамдар екен. Енді қызым бойжетіп отыр, осы бастан құлағына құйып отырмын, «жақсы жермен, өзімізбен тең адамдармен құда болғым келеді, жігітті таңдағанда ата-анасына да мән беріп, қарап, сұрастырып ал» деп айтып қоям. Күні кеше балам шипажайға екі жолдама алып келіпті. «Мама, құдағиыңыз екеуіңіз бірге барып, демалып қайтасыздар» деп келіннің көзінше көңілденіп айта салды. «Қой, мен онымен он күн бір бөлмеде жата алмаймын» деп айтуға келіннен ұялдым. Әңгімем жараспайды ғой, қайтем енді. Енді соны «келіннің әке-шешесіне сыйлай сал, екеуі ел-жер көріп қайтсын» деп айтпақшымын. Бәлкім сол кезде көздері ашылып, адамдармен қарым-қатынас жасауды үйреніп қайтатын шығар.
Авторы белгісіз