Астанада VIII дәстүрлі Ulttyq ónim – 2025 отандық тауар өндірушілер көрмесі өз жұмысын бастады. Іс-шара EXPO Халықаралық көрме орталығында өтіп жатыр және Қазақстанның барлық өңірлерінен келген 350-ден астам компанияның өнімдері ұсынылған деп хабарлайды Qazyr.kz .
Көрмеде азық-түлік, жеңіл және химия өнеркәсібі, машина жасау, құрал-жабдықтар өндірісі, зергерлік бұйымдар сияқты түрлі салалардың өнімдері қойылған.
Көрменің ашылуында сөз сөйлеген ҚР Ұлттық экономика министрі, Премьер-Министрдің орынбасары Серік Жұманғарин кәсіпкерлікті қолдау ұлттық экономиканың тұрақты дамуының басты факторы екенін атап өтті.
«Ulttyq ónim көрмесі – отандық кәсіпкерліктің дамуын айқын көрсететін алаң. Біздің өндірушілер ішкі нарықты қамтамасыз етіп қана қоймай, экспортқа шығып, халықаралық брендтерге айналуда. Бұл үрдіс мемлекет тарапынан қолдауды одан әрі арттыруға негіз болады», – деді министр.
2024 жылы мемлекет тарапынан бизнеске қолдау көрсету мақсатында 336 млрд теңге бөлініп, 29,5 мың жоба жүзеге асырылды. Бұл жобалар арқылы 9,7 мың жұмыс орны құрылып, 25,4 трлн теңгенің өнімі шығарылды, ал мемлекетке 1,7 трлн теңге салық түсті. Нәтижесінде шағын және орта бизнес (ШОБ) секторындағы жұмыспен қамтылған халықтың үлесі 48%-ға, ал ШОБ-тың ЖІӨ-дегі үлесі 40%-ға жетті.
«Бәйтерек» холдингі басқарма төрағасы Рустам Қарағойшин өз сөзінде нақты секторды қолдаудың экономикалық өсім үшін маңыздылығын атап өтті:
«Біз үшін отандық өндірісті қолдау – стратегиялық басымдық. Кәсіпкерлер – экономиканың негізі, жаңа идеялардың, жұмыс орындарының көзі. Ulttyq ónim көрмесі – осыны дәлелдейтін алаң», – деді ол.
Көрме аясында кәсіпкерлік дамуына және мемлекеттік қолдаудың рөліне арналған панельдік сессиялар ұйымдастырылуда. Спикерлер қатарында мемлекеттік органдардың өкілдері, банктердің топ-менеджерлері, кәсіпкерлер мен халықаралық сарапшылар бар.
«Даму» қорының басқарма төрағасы Фархат Сәрсекееев көрменің 2015 жылдан бері мемлекет, бизнес және тұтынушылар арасында диалог орнатудың маңызды алаңына айналғанын атап өтті. Қор осы уақыт ішінде 225 мыңнан астам жобаны қолдап, 1,2 миллионнан астам жұмыс орнын сақтап қалуға және құруға ықпал еткен.
Көрмеге сондай-ақ Астана қаласы әкімдігінің өкілдері, Сенат депутаттары, Ұлттық банк, шетелдік ұйымдар, халықаралық қаржы институттары мен дипломатиялық миссиялардың өкілдері қатысты. Олардың қатарында Дүниежүзілік банк, KOSME (Корея), АДБ, ЕБРР, Польша Инвестиция және Сауда агенттігі сияқты ұйымдар бар.
Көрме бағдарламасы түрлі шеберлік сабақтары, конкурстар, концерттік шаралармен толықтырылған. Келушілер «Халық Таңдауы» тәуелсіз дәм байқауына қатысып, сыйлықтар ұтып, отандық өнімдерді өндірушілерден тікелей сатып ала алады.