Қазақстан ауыл шаруашылығы бағытында 2,7 миллион гектар жерге иелік етіп отырған, халқының 40 пайызы ауылда тұратын аграрлы мемлекет. Ел тұрғындарының басым көпшілігі нәпақасын астық өсіріп, жерге дәнді дақыл сеуіп, диқаншылықпен табады. Мал өсіріп ырыздығын айырып жүргендер де бар. Елімізде ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірумен айналысатын 300 мың кәсіпкерлік нысан тіркелген.
Бірақ соңғы жылдары осы кәсіптің берекесі қашты. Мысалы биыл 18,3 мың шаруа қожалығы кәсібін дөнгелете алмай осы салада жұмыс жасауын тоқтатқан. Бұл Ұлттық статистика бюросының келтіріп отырған мәліметтері. Көңіл көншітпейтін цифрлар. Бір қожалықта ең кемі бес адам жұмыс істейтін болса, жүз мың адам экономикалық айналымнан шығып қалды деген сөз. Ал енді осы құбылыстың себеп-салдарын талқылап көрелік.
2023 жыл астық өсіретін шаруалар үшін өте ауыр жыл болды. Украинаға соғыс ашып, әлемдік қауымдастық алдында айыпты болған Ресей сыртқы саудада санкцияға ұшырап әлемдік бидай нарығындағы орнынан айрылып қалды. Ресей өз астығын өте арзан бағада Қазақстанға саудалады. Есесіне қазақ шаруалары бидай өткізетін нарық таппай, өсірген астығын аспан астында шірітті. Қыруар шығынға батып, шаруалар банкроттыққа ұшырады. 2024 жыл да диқандар үшін оңай болмады. Бір ғана Алматы облысында 260 мың тонна жүгері сыртқы нарыққа жол тарта алмай рәсуа болды. Өйткені, Қытай жүгері сатып алудан бас тартқан болатын. Осы жағдаяттар көп шаруаны күресінге жіберді.
Қазақстан ауыл шаруашылығы саласында шешімін таппай қордаланып қалған проблема көп. Енді сол мәселелерді тарқатып айтып көрелік.
Ең бірінші — қаржы мәселесі. Шаруалар жер, қора жай, техника сынды негізгі капиталға иелік еткенмен, жұмысты жүргізетін қозғаушы күш — қаржыға зәру. Мал санын көбейту, сапалы тұқым сатып алу, заманауи техниканы лизингке алуда, жер өндеу жұмыстарын жүргізуде ақша тапшылығына кездеседі. Мемлекеттік субсидияға ұмтылуда ұсақ шаруалар қойылған талаптарға жауап бере алмай қаржыландыру көзінен жырақ қалады. Субсидиялық бағдарламалар мыңдаған гектар жері бар, мал саны көп агрохолдинктер ыңғайына қарап жазылған. Банктен несие алайын десе қалалы жерде ликвидті жылжымайтын мүлікпен кепілдік бере алмайды. Біздің мемлекетімізде шағын қожалықтарды қаржыландыру мәселесі шешілмеген. Нарық заңдылықтарына ілесе алмай, күйреп жатқан да жері 50 гектарға жетпейтін шағын шаруашылықтар.
Ендігі мәселе еңбек өнімділігі. Ауыл шаруашылығына жаңа технологиялар енгізілмеді. Жұмысты жүргізетін ауыл шаруашылық техникасы моральдық-техникалық тұрғыда әбден тозған, қолданыста жүргеніне 40-50 жыл болған бұрынғы СССР-де шыққан машиналар.
Еліміздің ауыл шаруашылығы білікті де білімді мамандарға да, қол еңбегімен айналысатын қарапайым жұмысшыларға да зәру. Ауыл шаруашылығы саласында еңбек еткісі келетін адам ресурстары тапшы. Саланың интенсивті дамымағандығынан, жалақының өте төмендігінен.
Және бір мәселе шаруалар өндірген өнімдерін дұрыс бағада өткізе алмайды. Себебі ауыл шаруашылығы өнімдерін тасымалдау, сақтау, терең өңдеу, сыртқы нарықтарға әлемдік бағамен саудалау механизмдері жолға қойылмаған. Шаруалар өнімдерін маусымдық кезеңдерде бақша басынан делдалдарға су теігін өзіндік құнымен беріп жібереді. Өнімді сақтау инфрақұрылымы ұйымдастырылмағандықтан.
Жайылым жерлердің тарылуы, шөп шықпай тозуы, жер эрозиясы, су тапшылығы, ауа райының өзгеріп, қуаңшылықтың жылда қайталануы ауыл шаруашылығының адымын аштырмай келеді.
Биыл Жамбыл облысында 3,9 мың, Түркістан облысында 3,4 мың, Алматы облысында 1,4 мың шаруа қожалығы қаржылай күйреп, жұмыстарын тоқтатқан. Биылғы жылдың ақпан айынан бастап жанармай бағасы мемлекеттік реттеуден арылып, нарықтық жолмен баға саясаты жүргізілетін болады. Мемлекетіміз қосымша құн салығын 20 пайызға дейін көтеруді жоспарлап отыр. Аталған нарықтық құбылыстар жығылғанға жұдырық болайын деп тұр. Келесі жылдың статистикасы банкроттар санын көбейтпесе, азайтпайды. Реалды өмір шындығы осы.
Бердібек Шархан