Жетісу облысында әскери борышын өтеп жүрген сарбаз Дастан Құрманбектің өліміне қатысты «өз-өзіне оқ атты» деген ресми нұсқа жарияланды. Алайда марқұмның ата-анасы бұл болжаммен келіспейді.Бұл туралы Qazyr.kz хабарлайды.
Қайғыдан қан жұтқан Дастан Құрманбектің әкесі бұл оқиғаны түсіндіру мүмкін емес екенін айтты.
–Баламның өзін-өзі атуы мүмкін емес. Бұған сенбеймін. Бұл жала жабу болуы әбден мүмкін. Бір күн бұрын ғана барып, өз көзімізбен көріп қайттық, – дейді ол.
Ал анасы ұлының сабырлы әрі төзімді адам болғанын айтып оны еске алды.
– Дастан өте мықты, шыдамды бала еді. Үйде ауырса да білдірмейтін. Әскерге барғанда қандай қиындық болса да төзетінін айтқан еді. «Мен жігітпін ғой, бәріне шыдаймын» деп кетті. Бірақ әскерде ұрып-соғу жағдайлары жиі болады деп еститінбіз. Сондықтан кез келген ата-ана баласының аман-есен оралуын тілейді ғой, – деді ол.
Отбасы бұл оқиғаға қатысты толық әрі әділ тергеу жүргізілуін талап етеді. Олар ұлдарының өз еркімен мұндай қадамға барғанына сенбейді. Қазіргі таңда тергеу жұмыстары жалғасып жатыр.
Қаза тапқан сарбаздың оқиғасы көпшіліктің назарын аударып, қоғам арасында әскердегі тәртіп мәселесіне қатысты пікірталас туғызуда.