Жетісу облысында Балқаш көлі маңында инженерлік инфрақұрылым жүргізу жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Биылғы демалыс маусымында жағалау бойындағы демалыс орындарына электр жарығы мен ауыз су беріле бастайды деп хабарлайды Qazyr.kz облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Балқаш» туристік-рекреациялық аймағының инженерлік желілері – өңірдегі ең ірі инфрақұрылымдық жобалардың бірі. Жоба аясында су және электр желілері, кәріз жүйесі мен автожол салу қарастырылған. Қазір су құбыры салынып, тазарту жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар қуаты 110/35/10 кВ болатын қосалқы станция іске қосылды. Алдағы кезеңде 28 трансформаторлық қосалқы станция орнату жоспарда.
Жобаның құрылыс жұмыстары 2024 жылы басталып, 2026 жылы аяқталуы тиіс еді. Алайда жоспардан озық жүргізілген жұмыс нәтижесінде мерзімінен бұрын аяқтау көзделіп отыр.
Сонымен бірге демалыс аймағын бей-берекет құрылысқа жол бермей дамыту мақсатында егжей-тегжейлі жоспарлау жобасы дайындалды. Бұл аумақтың жалпы көлемі 1682 гектарды құрайды.
Жобалық есеп бойынша, бір маусымда 23 мың демалушыны қабылдай алатын 7100 бөлмелі демалыс орындары салынады. Сондай-ақ 7200 көлікке арналған тегін тұрақтар да қарастырылған.
Сарқан ауданының әкімі Ғалымжан Маманбаевтың айтуынша, инженерлік желілер жүргізілген соң, 6 тегін қоғамдық жағажай ашылады. Онда медицина және полиция бекеттері, құтқару қызметі, ана мен бала бөлмесі сияқты қажетті қызметтер толыққанды қамтылады. Жағажайларды ұстау жауапкершілігі аудан әкімдігіне жүктеледі.
Қазіргі кезде Балқаш жағалауында маусымына 52 мың адам демалса, жаңа инфрақұрылым іске қосылғаннан кейін бұл көрсеткіш 450 мыңға дейін өседі деп күтілуде. Туризм саласының дамуы 4,5 мың адамды маусымдық жұмыспен қамтуға мүмкіндік береді.