2024 жылы Қазақстанда 2 300-ден астам азамат тұрғын үй сертификатын алып, баспаналы болу үшін несие рәсімдеді деп хабарлайды Qazyr.kz
Тұрғын үй сертификаты – азаматтарға жеңілдетілген ипотекалық несиелер арқылы баспана алуға алғашқы жарна ретінде қолдануға болатын мемлекеттік көмек түрі. Мұндай сертификаттар көпбалалы отбасыларға, толық емес отбасыларға, мүмкіндігі шектеулі жандар мен олардың отбасыларына, жетім балаларға, мемлекеттік қызметкерлерге, мұғалімдер мен дәрігерлерге ұсынылады. Бұл – мемлекет тарапынан тұрғын үй мәселесін шешуге бағытталған нақты және нәтижелі әлеуметтік қолдаудың бір көрінісі
2024 жылдың қорытындысы бойынша 2,6 миллиард теңгеге 2 300-ден астам тұрғын үй сертификаты берілген. Ал 2025 жылдың алғашқы тоқсанында әкімдіктер тарапынан жалпы сомасы 580 миллион теңгеге 522 сертификат үлестірілді. Тұрғын үй сертификаттары арқылы бастапқы жарнаның бір бөлігін жабу мүмкіндігі көп азаматқа баспана алуды шындыққа айналдырды.
Кезекте тұрғандарға жылдық 2% және 5% мөлшерлемемен жеңілдетілген несиелер ұсынылады. 2%-дық несие төрт негізгі санаттағы азаматтарға: бірінші және екінші топтағы мүгедектігі бар адамдарға, мүгедек балалары бар отбасыларға, көпбалалы отбасыларға және жетім балаларға беріледі. 2024 жылы осындай 3 859 жеңілдетілген займ берілген. 2025 жылдың алғашқы төрт айында тұрғын үй сатып алуға арналған 967 займ рәсімделді. Сонымен қатар, былтыр 5% мөлшерлеме бойынша 5 145 несие берілсе, биылғы жылы 1 255 азамат осындай несиені алды.
Бұл несиелер «Отбасы банк» Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі арқылы рәсімделеді. Сонымен бірге, Мемлекет басшысының тапсырмасымен іске қосылған «Наурыз» жаңа ипотекалық бағдарламасы аясында халықтың әлеуметтік осал топтары үшін 7%, қалған санаттар үшін 9% мөлшерлемемен несие беріледі. Бағдарлама бойынша жыл сайын 12 мың ипотека қарастырылған. 2025 жылдың алғашқы төрт айында бұл бағдарламаға 1,5 мыңнан астам азамат қатысқан, олардың 1 мыңға жуығы – жұмысшы мамандық иелері.
2022 жылдан бастап әлеуметтік әлсіз топтарға жеке сектордағы тұрғын үйді жалдау құнының 50%-ы мемлекет тарапынан субсидияланады. Бұл жеңілдік бірінші және екінші топтағы мүгедектігі бар азаматтарға, мүгедек балалары бар немесе оларды тәрбиелеп отырған отбасыларға, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға, сондай-ақ көпбалалы аналар мен отбасыларға арналған. Қазіргі таңда 11 мыңнан астам отбасы осы мемлекеттік қолдауға ие болып отыр. Бұл туралы ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің төрағасы Бақытжан Жүнісбеков Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте мәлімдеді.