Алматы қаласындағы мемлекеттік табиғи ескерткіш – Баум тоғайын абаттандыру жобасы жұртшылыққа таныстырылды. Жобаны әзірлеуші урбанистика орталығының өкілдері тұрғындар мен қоғам белсенділерімен кездесіп, болашақтағы жұмыстардың негізгі бағыттарын ұсынды, деп хабарлайды Qazyr.kz.
Кездесу барысында социологиялық зерттеу нәтижелері мен реконструкция тұжырымдамасы таныстырылды. Қатысушылар жобаның басты мақсаты – тоғайдың табиғи экожүйесін сақтау екенін атап өтті.
Жобаның негізгі бағыттары төмендегідей:
экологиялық аймақтарға бөлу арқылы табиғи тепе-теңдікті сақтау;
жасыл желекті күтіп-баптау және қалпына келтіру;
апатты ағаштарды кезең-кезеңімен жою және зиянкестермен күрес жүргізу;
жаңа ағаштар мен өсімдіктер отырғызу.
Сондай-ақ, экожүйені қалпына келтіруге ерекше назар аударылмақ. Атап айтқанда, арық жүйесін қайта қалпына келтіру, жабайы жануарлардың тіршілік ету ортасын қорғау және тоғайды Басқарасу өзенімен байланыстыру мәселелері қарастырылған.
Қауіпсіздік шаралары аясында жарықтандыру, патруль ұйымдастыру және автокөлік кіруін шектеу көзделіп отыр. Ал рекреациялық инфрақұрылымды дамыту экологиялық соқпақтар, тыныш демалыс орындары, балалар мен спорт алаңдарын табиғи ортаға зиян келтірмей орналастыру арқылы жүзеге асады.
Жоба аясында экологиялық білім беру де маңызды орын алады: визит-орталық, ақпараттық стендтер орнату, мектеп оқушыларына арналған биология сабақтарын өткізу жоспарланған.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, жоба тұрғындар мен сарапшылар пікірі негізінде жүзеге асырылады. Жақын күндері мамандардың қатысуымен кеңесулер мен БАҚ өкілдеріне арналған пресс-тур ұйымдастырылмақ.