Е, Жаратушы жасаған!
Тілегімізді қабыл ет,
Иманымызды қабыл ет,
Тозақтағы оттан сақта,
Қаңғырған оқтан сақта,
Парақор соттан сақта.
Кірлі сумен жуыстан сақта,
Ынтымақсыз туыстан сақта.
Қара жүрек батылдан сақта,
Дәйексіз тіл тақылдан сақта.
Адалдықты арбағаннан ақыннан сақта,
Ашу жеңген ақылдан сақта,
Қайырымсыз жақыннан сақта.
Қате ісіне қиналмас,
Көк долы қатыннан сақта.
Халықты зәбірлер бастықтан сақта.
Жақынға жала жабатын Қанқұйлы қастықтан сақта.
Сырты сұлу, іші кір,
Қадір білмес пасықтан сақта.
Өз пікірі татымсыз,
Кісі ақылымен күн көрер,
Татымы жоқ жасықтан сақта.
Несібе кесер кесірден сақта,
Жолы лас жесірден сақта.
Кеудесін керген келіннен сақта,
Мезгілсіз келген өлімнен сақта.
Жалқау бала намыссыз,
Ожданы жоқ ұлдан сақта.
Түнере атқан таңнан сақта,
Жаңбыры жоқ шаңнан сақта.
Әкімінде шапағат жоқ,
Әділдікте шарапат жоқ,
Молдасында шариғат жоқ,
Байларында салауат жоқ,
Кедейінде қанағат жоқ,
Үлкенінде ұлағат жоқ,
Кішісінде инабат жоқ,
Азаматында ар-ұят жоқ,
Көршісінде қошемет жоқ, Қариясында бата жоқ,
Сөздерінде пәтуа жоқ,
Құр айқай, шат-шәлекей даңнан сақта.
Е, Жартушы жасаған!
Өмір берсең – жайлығын бер,
Дәулеті мен байлығын бер.
Еңбегіміз өністі болсын,
Қамбамыз жемісті болсын.
Көсегеміз көркейіп,
Мыңғырған мал өріске толсын.
Қарияны кемел, сыпайы ғып бер,
Ағаларды райлы ғып бер,
Апаларды мейірлі ғып бер,
Жезделерді зейінді ғып бер,
Құдағиды кең пейілді ғып бер,
Қарындасты көрікті ғып бер,
Інілерді бөрікті ғып бер. Әйелді ақ некелі ғып бер,
Баланы қаны толық шекелі ғып бер.
Жиендерді жетелі ғып бер,
Күйеулерді көшелі ғып бер,
Екі айтпайтын еселі ғып бер,
Келіндерді келісті ғып бер.
Қыздарды бақытымен
Ұрпағы көп өрісті ғып бер.
Аттарды желісті ғып бер,
Ағаштарды жемісті ғып бер,
Төскейде төл көбейсін. Жайқалтып дала егісті ғып бер,
Дәні толық өністі ғып бер.
Ұрпақтарды намысты ғып бер,
Тұлпарды табысты ғып бер.
Жомарт болсаң, Жасаған! Айтқанымның барлығын,
Ағайынды ақаусыз
Өнегелі өмірмен тату-тәтті,
Табысты ғып бер!