Qazyr.kz порталы
Қоғамэкономика

BI Group салығының әділдігі бойынша таласқа 5 жыл толды

Компания мәселесі бүгін Премьер-Министр деңгейіне дейін жеткенін көрдік. Соңғы саты ретінде Президент қана қалды.

Олжас Бектенов не деді?

«Қаржы министрінің ақпаратынан салық жүктемесін оңтайландырудың әртүрлі схемаларын қолдана отырып, міндетін адал атқармайтын кәсіпкерлердің барын көріп отырмыз. Миллиардтаған айналыммен олар бюджетке өздерінің тапқан пайдасына мүлдем сәйкес келмейтін сомаларды төлейді. Бізде осындай ірі компаниялардың толық тізімі бар. Ол тізімде BI Group, BAZIS және басқа да көптеген ірі құрылыс компаниялары жүр. Экономиканың басқа салаларында жұмыс істейтін белгілі әрі танымал мейрамханалар, фитнес-клубтар және әртүрлі компаниялар бар».

Мейрамханалар, фитнес туралы әңгіме енді айтылса, Мемлекеттік кірістер комитеті мен BI Group арасындағы текетірес 2021 жылы басталған болатын. Оның детальдары Айдын Рахымбаевтың ютуб подкастқа шыққаны туралы постына мен коммент жазып, оған Мемлекеттік кірістер комитетін тегтегеннен кейін ашылғаны әлі есімде.

Комментарийге жауап берген МКК салық жүктемесі төмен құрылыс компанияларына салықтық тексеру жүргізіп жатқанын, олардың қатарында BI Group та бар екенін хабарлаған.

«2021 жыл мен 2022 жылдың алғашқы төрт айының қорытындысы бойынша құрылыс компанияларына жалпы 11 млрд теңге қосымша салық есептелген (яғни, салық толық төленбеген). BI Group-қа қатысты 9 тексеру жүргізіліп, 900 млн теңге қосымша салық есептелді. Қазіргі уақытта жалпы 33 тексеру жалғасуда, оның ішінде 15-і BI Group-қа қатысты», — делінген еді комментте.

Осыдан кейін, сол жылы BI Group өз сайтында салықтан жалтару туралы ақпаратқа жауап ретінде холдингке қатысты жаппай салықтық тексерулер туралы мәліметті жалған деп атап бой бермеген еді. Компания 2021 жылы бюджетке 47 млрд теңге салық төлегенін, бұл құрылыс секторындағы ең жоғары көрсеткіш екенін атап жазғаны есімде.

Бүгін де компания тура сол риторикасын өзгертпеді.

«BI Group құрылыс саласындағы ірі салық төлеуші екенін және бюджетке барлық міндетті төлемдерді адал және толық көлемде жүзеге асырып жатқанын жауапкершілікпен мәлімдейміз. Біздің компанияның салық аударымдарын уәкілетті органдар үнемі тексеріп отырады және тексеру қорытындылары бойынша шағымдар түспеген. Компания соңғы 10 жылда жыл сайын KPMG және Ernst & Young тәуелсіз халықаралық аудиторлық компанияларының қаржылық есептілік аудитінен өтеді. Біз күмән тудырған компаниялар қатарына BI Group-ты неліктен қосқанын түсінбедік және компания жұмысының ашықтығы мен адалдығын дәлелдейтін барлық қажетті ақпаратты ұсына отырып, ашық диалогқа дайын екенімізді растаймыз», — деп жауап берді.

Бұл ретте компания тарапынан біршама қулық барын байқаймыз. Үкімет компания өзі есеп берген выручка сомасынан салық төлемейтінін айтып отырған жоқ, себебі ол аудиттелген ақпарат, бухесепте бар. BI Group бейресми обороты анағұрлым жоғары. Бірақ бизнес арнайы салық режимін қолданатын көптеген ұсақ ТОО-ларға бытырап кеткендіктен, бюджетке 20 пайыз КПН салық келудің орнына 3% салық қана келеді. Мысалы, 2023 жылы BI Group 549 млрд теңге выручка көрсете отырып, 48 млрд теңге салық төледі делік. Бірақ егер бизнес бытырамағанда бұл салық кемінде 53 млрд теңге болуы тиіс еді. Арада 5 млрд теңге немесе 1 мектеп жоғалып кетеді. Үкімет осыны айтып отыр.

Екінші мәселе — BI Group өзі мақтанышпен тілге тиек ететін KPMG, EY аудиттелген есептіліктерін сайтына ешқашан ашық жарияламайды. Оны талай ақпарат құралдары сұратқан болатын. Ешкім ала алмады.

Компания бүгін мәлімдемесінде «Біз күмән тудырған компаниялар қатарына BI Group-ты неліктен қосқанын түсінбедік және компания жұмысының ашықтығы мен адалдығын дәлелдейтін барлық қажетті ақпаратты ұсына отырып, ашық диалогқа дайын екенімізді растаймыз» деп жазды. Ендеше керемет, ресми сайтқа аудиттелген есептілікті жариялауды күтеміз.

Пандемия кезінде салынған ауруханаларға қатысты дау туғанда да Айдын Рахымбаев тура осы схеманы қолданған болатын. Ол шулаған қоғамға біз шетелден тәуелсіз аудит жасаттық, оның есебін көрсетеміз деген еді. Борейкомен подкастқа барып, сыртынан бір томды көрсетті де, журналистердің толық танысуына бермей қойды. Ол ютубта бар.

Бизнесім ашық, процесім шынайы деген адам толық ашық жұмыс істеуі керек. Есептілікті сайтқа, депозитарийге жариялауға кім кедергі? BI Group ашықтық, шынайылық принципін ұстанбағандықтан, «неге біз туралы Премьер-Министр айтып жатыр, неге тізімге қосқан?» деп таң қалудың қажеті шамалы.

Салықтық бөлшектеу – салықтан жалтарудың күрделі түрі, ол көптеген елде қатаң санкцияларға әкеледі. Елімізде мұндай схемалар кеңінен қолданылады. Алайда, АҚШ-та салықтан жалтарғаны үшін 5 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған, ал Францияда бұл мерзім 7 жылға дейін жетеді және ірі айыппұлдар салынады.

Біздегі салық реформасы осындай лазейкалардың бәрін жаппақ. 2026 жылдан бастап BI Group сияқтыларға жұмыс істеу қиын болады.

Салық төлеу – бұл мемлекет алдындағы міндет қана емес, сонымен қатар елдің дамуына, инфрақұрылымға, денсаулық сақтау мен білім беру саласына қосылған үлес. Бизнесін салықты азайту мақсатында бөлшектеу – уақытша пайда әкелетін тәсіл, бірақ бұл үлкен айыппұлдар, сот істері және беделдің төмендеуі сияқты күрделі мәселелерге әкелуі мүмкін. Үкімет бизнесті заңды салықтық жоспарлау құралдарымен қамтамасыз етіп, ашық жұмыс үлгісіне көшуге қолдау көрсетеді. Бұл өз кезегінде экономиканы нығайтып, әділ бәсекелестік ортасын қалыптастырады.

Сондықтан, «счастье» тұрғызып жатқан компания, ол нәрсені қарапайым халықтың несчастьесі есебінен жасап жатқан жоқ па деген сұрақ бар.

 

Айбар Олжаев

 

 

Ұқсас жаңалықтар

Түркістан облысында 100-ге жуық әлеуметтік нысан пайдалануға берілді

redaktor_qazyr

Қазақстанда бензин мен мұнай өнімдерін экспорттауға тыйым салынды

redaktor_qazyr

Қазгидромет бірнеше облыс бойынша дауылды гидрологиялық ескерту жасады

redaktor_qazyr

Пікір жазу

Qazyr.kz