Мұңайды сұлу, жылайды сұлу,
Көзінің жасын бұлайды сұлу,
Жанып та барып жастығын құшып,
Талықсып соған құлайды сұлу.
Ыстық та жасы ерінін өпті,
Ыстық та мұңы көңілін өпті.
Үздігуші еді, үміті сөнді,
Сүйінуші еді, сенімі кетті.
Кірпігі жастан зілмендей болды,
Ащының дәмін білгендей болды.
Көзінің астын көлеңке шалды,
Ерінін тістеп, тілгендей болды.
Жастығын жаспен сулайды сұлу,
Жүрегін оймен улайды сұлу.
Не керек, бір түн есейтті оны,
Көбелек те енді қумайды сұлу.
Талықсып жатып, талып та кетті,
Асығып жүріп қалып та кетті.
Көктемде туған жауқазын еді,
Жаз шыға бере жанып та кетті.
Жылама, сұлу, мұңайма, сұлу,
Жасу да салма шырайға сұлу.
Жасына қыздың тұншығар әлем,
Мұңыңа жүрек шыдай ма, сұлу?!