Qazyr.kz порталы
БілімРуханият

Есенқұл Жақыпбек-Ініге сыр

Інім-ау, сен де таттың ба сезімнің алғаш шарабын,
Сағатқа сонша тағатсыз сәт сайын неге қарадың?
Сырбаздық пенен серілік бойыңда сенің тапшы еді,
Үтіктеп жатсың асығыс шалбардың шаң-шаң балағын.

Көшені кезген тентекті бір жөнге салып бергендей,
Әмірі жүрген сотқарға перизат еді ол нендей?
Қырындай келіп айнаға он келіп, қайта он кеттің,
Өзіңді-өзің айнадан өмірде тұңғыш көргендей.

Дүрия көйлек қыздармен гүл теріп шығар көк белге,
Махаббат, жастық әуресі саған да келіп жеткен бе?
Қыз дәурен мынау ғұмырды шын сүйіп қалған шығарсың,
Көктемге сұрай көрімдік тырналар ұшып өткенде.

Жастықтың тарқап базары, алмасып жатыр көктем, күз,
Кекілді тарап айнаның алдынан біз де өткенбіз.
Егіліп жылап жырымды жатқа оқып бүгін жүр ме екен,
Ең алғаш рет именіп ернінен өзім өпкен қыз.

Арманға толып жанарың, сабырың мүлдем сақталмай,
Асыға басып сен кеттің-ай туған шақта ақ маңдай.
Арбасып әлсіз елеспен елегізіп үйде мен жаттым,
Арқама бейне арқардың асығы батып жатқандай.

Ұқсас жаңалықтар

Мұхтар Шахановтың өмірбаяны

redaktor_qazyr

Жарың-жан жолдасың

Redaktor Site

Ақсақалға зәрумін

Redaktor Site

Пікір жазу

Qazyr.kz