Бүгін мемлекеттік қызметшілер күніне орай Жетісу облысы әкімдігінде салтанатты жиын өтті. Облыс әкімі Бейбіт Исабаев сала қызметкерлерін кәсіби мерекесімен құттықтап, өңір дамуына қосып жүрген үлестері үшін алғыс білдірді деп хабарлайды Qazyr.kz облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жиында сөз алған аймақ басшысы мемлекеттік қызметтің жауапкершілігі жоғары сала екенін атап өтті. Оның айтуынша, қазіргі өзгерістер кезеңінде кәсібилік пен отаншылдық – мемлекеттік қызметшілердің басты ұстанымы болуы тиіс.
– Мемлекеттің «адамға бағдарланған» моделін қалыптастыру – басты мақсат. Бұл жолда жаңа қағидаттар енгізіліп, қызмет сапасы мен әділеттілігіне қойылатын талаптар артып отыр. Мемлекеттік қызметші осы талап үдесінен табыла білуі қажет, – деді Бейбіт Исабаев.
Өз сөзінде облыс әкімі өңірдің соңғы үш жылдағы әлеуметтік-экономикалық жетістіктеріне де тоқталды. Атап айтқанда, аймақ республикалық даму индикаторлары бойынша үздік үштіктің қатарында. Осы уақыт ішінде облысқа 1,2 трлн теңге инвестиция тартылып, тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандар салынды, жолдар жөнделді. Талдықорған–Үшарал, Үшарал–Достық, Сарыөзек–Көктал сияқты транзиттік маңызы бар жолдар пайдалануға берілді. Көп жылдар бойы шешімін таппаған Балқаш көліне апарар жол толық жаңартылды.
Жиында жастарды мемлекеттік қызметке тарту мәселесі де көтерілді. Облыста үздік диплом иелерін конкурстан тыс қызметке қабылдау тетігі жүзеге асып жатыр. Соның нәтижесінде былтырдан бері мемлекеттік аппаратқа 24 жас маман қабылданды. Сонымен қатар, биылдан бастап барлық атқарушы органдарда «eqyzmet.gov.kz» платформасы арқылы адам факторы араласпайтын жаңа іріктеу жүйесі енгізілді.
Өңірде кадрлық саясатта ашықтық пен әділдік қағидаттары басым. Қызметкерлердің 70 пайызы меритократия қағидаты бойынша өскен. Олардың қатарында шетелдік білім алғандар, ғылыми дәрежесі бар мамандар мен Президенттік кадр резервінің мүшелері де бар.
Салтанатты жиында мемлекеттік қызметке алғаш рет кірген жас мамандар – Еділ Орымбеков, Дастан Құдайберген және Айдана Арин ресми түрде ант берді. Олардың қатарында Отан алдындағы борышын өтеп келген және туған ауылына оралып, қызмет етуді парызым деп санайтын жастар бар.
Мерекелік шара барысында мемлекеттік қызметтің дамуына үлес қосып жүрген бірқатар қызметкер марапатталды. Аудан мен қала әкімдіктерінің, басқармалар мен әкімдік аппаратының үздік қызметкерлері «Үздік мемлекеттік қызметші», «Мемлекеттік қызмет ардагері» төсбелгілерімен, сондай-ақ облыс әкімінің Құрмет грамотасымен марапатталды.
29 жылдық еңбек өтілі бар Айнагүл Қонысбекова да «Мемлекеттік қызмет ардагері» атағына ие болды. Өз сөзінде ол ауыл әкімінің хатшысы болып бастаған еңбек жолында ел игілігі үшін адал қызмет ету басты қағидасы болғанын айтты.