Qazyr.kz порталы
АймақҚазір

«Калқаман» метро станциясы: құрылыс мерзімінен бұрын аяқталмақ

Алматыда метро желісін кеңейту жұмыстары қарқынды жүргізілуде.  «Калқаман» станциясына дейінгі жаңа тоннельде дыбыссыз рельстерді төсеу басталды деп хабарлайды Qazyr.kz

Жоба аясында жалпы ұзындығы 3,1 шақырым болатын екі бағыттағы тоннель және Абая даңғылы мен Әшімов  көшесінің қиылысында орналасатын «Калқаман» станциясы салынады. Тоннельдер 18 метр тереңдікте орналасады.

Бас мердігер — BCN Group (Bazis Construction) компаниясы 1591 метрлік сол жақ тоннельдің құрылысын толық аяқтап, қазір онда буынсыз әрі шпалсыз рельс төсеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Бұл технология пойыздардың қозғалысын барынша дыбыссыз етеді. Сондай-ақ автоматты қозғалыс басқару, өрт сөндіру және қауіпсіздік жүйелері орнатылады. Ал оң жақ тоннельде 1593 метрдің 840 метрі қазылып біткен.

«Құрылыс заманауи тоннель қазатын кешен арқылы жүргізіліп жатыр. Алматы үшін күрделі саналатын ірі тасты-топырақты жерлерде жұмыс істеуге бейімделген кешен тәулігіне төрт метрге дейін қазуға мүмкіндік береді.

 Айына шамамен 115 метр қазамыз — бұл қала үшін рекордтық көрсеткіш. Әр метрден кейін кешен бетон сегменттерінен тоннель қабырғасын бірден қалайды», — дейді машинист Аманбек Мырзагұлов.

Жоспарға сай жаңа станцияда платформа аймағы, екі вестибюль, үш кіреберіс, техникалық блок және подстанция болады. Құрылыс нормасы 36 айға есептелгенімен, мердігер бұл жұмысты 14 айда аяқтауды көздеп отыр. Биыл қараша айында бетондау жұмыстары аяқталып, инженерлік және әрлеу жұмыстары басталмақ. Қазірдің өзінде станция мен тоннельдерге қажетті құрал-жабдықтарды жеткізу қолға алынды.

Жақында құрылыс алаңын болашақ станция маңында тұратын тұрғындар аралап көрді. Қала тұрғындары мамандарға өз сұрақтарын қойып, жобамен танысты. Жоба менеджері Мұрат Үкшебаев тұрғындарға түсіндіргендей, сол жақ тоннель аяқталған соң бір кешен бөлшектелген, ал оң жақ тоннельді қазу жалғыз кешенмен жалғасып жатыр. Оның қуаты жоспарды орындауға жеткілікті.

Қазір жобада үш ауысымда 400-ден астам адам еңбек етуде. Олардың 124-і жер астында, 293-і жер үстінде жұмыс істейді.

Метро желісін Бауыржан Момышұлы станциясынан батысқа қарай ұзарту он мыңдаған алматылықтың қала орталығына қатынауын жеңілдетеді деп күтілуде. Барлық құрылыс-монтаж жұмыстары 2026 жылдың алғашқы жартыжылдығында аяқталмақ.

 

 

 

Ұқсас жаңалықтар

Алматы облысында жоғалған турист үш күннен кейін табылды

redaktor_qazyr

Уақыт белдеуінің өзгеруі денсаулыққа қалай әсер етеді?

redaktor_qazyr

Бейбіт Исабаев азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады

admin_qazyr

Пікір жазу

Qazyr.kz