Қазақстанда инфляцияны тежеу және бағаның негізсіз өсуін болдырмау бағытында жүйелі жұмыс жалғасып жатыр. Бұл туралы Премьер-министр Олжас Бектенов Үкімет отырысында мәлімдеді деп хабарлайды Qazyr.kz
Ұлттық Банктің мәліметінше, 2025 жылдың маусымындағы инфляция жылдық мәнде 11,8% деңгейінде тіркелген. Бұған әлемдік нарықтардағы тұрақсыздық, тарифтік реформалар, тұтынушылық сұраныстың артуы және халықтың инфляциялық күтулері әсер етіп отыр.
Бағаның өсуін ұстап тұру мақсатында Үкімет, Ұлттық Банк және жергілікті атқарушы органдар бірлесіп жұмыс істеуде. Қазіргі уақытта инфляцияны бақылау және төмендету жөніндегі жаңартылған кешенді шаралар пакеті дайындалып, қабылдануға жақын. Құжатқа қысқа және ұзақмерзімді шаралар енгізілген. Оның ішінде ішкі өндірісті ұлғайту, тариф саясатының болжамдылығын арттыру, негізгі тауарлар бағасын тұрақтандыру және инфляциялық күтулерді төмендету шаралары бар.
Министрліктердің дерегі бойынша, биылғы жылы шекті 15%-дық сауда үстемесін арттырған кәсіпкерлерге 1 847 әкімшілік айыппұл салынды. Енді ескерту орнына тікелей айыппұл қарастырылған. Коммуналдық қызмет тарифтерінің негізсіз өсуіне жол бермеу бағытында да бақылау күшейген.
Кешенді шаралардың нәтижесінде 2023 жылы инфляция 4,16 пайыздық тармаққа, ал 2024 жылы 2,3 пайыздық тармаққа төмендеген. Қазір бұл жоспарлар 2026 жылға дейін ұзартылды.
Сауда және интеграция министрлігінің мәліметінше, Қазақстанда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасы ЕАЭО елдері мен Орталық Азияға қарағанда төмен деңгейде сақталып отыр. Мысалы, сиыр еті 30%-ға, картоп пен сәбіз 38%-ға, пияз 47%-ға, ал қырыққабат 50%-ға арзан. Биыл 3 мыңнан астам ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі ұйымдастырылып, өнімдер нарық бағасынан төмен бағамен сатылды.
Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаровтың айтуынша, жыл басынан бері ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі 4%-ға өсіп, 1,3 трлн теңгеге жетті. Тамақ өнімдерін өндіру көлемі 10,5%-ға артты. 2028 жылға дейін ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеуді дамыту бойынша кешенді жоспар іске асуда, 677 инвестициялық жоба қолға алынған.
Премьер-министр Олжас Бектенов Үкімет пен Ұлттық Банктің үйлесімді жұмысының маңыздылығын атап өтті.
— Инфляцияны төмендету — аса маңызды міндет және кешенді тәсілді талап етеді. Қабылданған шаралар жүйелі түрде жалғасын табады, — деді ол.

