Мені ешкім сағынбасын.
Сен сағын!..
Сағын… көзден үзіп мұңның моншағын.
Дәл осылай сағынуға бола ма?
– деп, таңғалсын
Аспан.
Ай.
Күн.
Жер шары!..
Мені ешкім іздемесін.
Сен ізде!..
Ізгі өлеңі іздемеді дегізбе!
Дәл осылай бола ма екен сүюге?
– деп таңғалсын
Өзен,
Мұхит,
Теңіз де!..
Мені ешкім ойламасын.
Сен ойла!..
Сен ойласаң, мен сеземін қалайда…
Сезе тұрып айта алмаған тіл ғәріп,
Көз өтірік айта алмайды алайда!..
Мені ешкім аңсамасын.
Сен аңса!..
Аңсауларда армандар бар о, қанша?!.
…Жер бетінен пәк махаббат жоғалса,
Ғұмыр кешу қиын маған адамша!..