Алматыдағы апелляциялық сот Altel және Tele2 брендтерінің иесі – «Мобайл Телеком-Сервис» ЖШС-не (МТС) қатысты антимонополиялық тергеуді тоқтатты деп хабарлайды Qazyr.kz
Тергеу SMS-хабарлама қызметінің бағасын қымбаттатуға байланысты жүргізілген еді.
Kursiv.media мәліметінше, мұндай шешімге Қазақстан мен Катар арасындағы халықаралық келісім себеп болған. Құжатқа сәйкес, 2026 жылдың 31 желтоқсанына дейін компания қызметіне тексеріс жүргізуге және мемлекеттік органдардың араласуына шектеу қойылған.
Еске сала кетейік, 2023 жылдың соңында Алматыдағы мамандандырылған ауданаралық сот МТС-тің тергеуді тоқтату жөніндегі өтінішін ішінара қанағаттандырған болатын. 2024 жылы апелляция бұл шешімді күшінде қалдырды. Алайда бір жылдан кейін Жоғарғы сот істі қайта қарауға жіберіп, ақыр соңында жаңа құрамдағы апелляциялық сот тергеуді толықтай тоқтатты.
Қазақстан мен Катар арасындағы ұзақмерзімді стратегиялық әріптестік туралы келісім 2023 жылғы 20 наурызда қол қойылып, сол жылдың 30 қазанында ратификацияланды. Құжатқа қосымшада мынадай шарттар қарастырылған:
Катарлық Power International Holding компаниясының МТС-тің 100% үлесін сатып алуы;
2026 жылдың соңына дейін қазақстандық мемлекеттік органдардың компанияның коммерциялық және операциялық қызметіне араласуына тыйым салу;
Байланыс сапасы мен тарифтерге әсер етуі мүмкін антимонополиялық және өзге де тексерістер жүргізуге шектеу қою.
Бұл шешім тек SMS-хабарламаларға қатысты ғана емес, мобильді байланыс тарифтерінің өсуіне байланысты АЗРК бастаған өзге де тергеулердің тоқтауына алып келді.
Сарапшылардың пікірінше, келісім шарттары Қазақстанның алдағы екі жыл ішінде Altel мен Tele2 тарифтік саясатын бақылау мүмкіндігін шектеп, байланыс саласында тұтынушылар құқығын қорғауды әлсіретуі ықтимал.