Қазақстан пойыздарында спутниктік интернет іске қосылды,деп хабарлайды Qazyr.kz.
Қазақстандық жолаушылар енді сапар барысында интернет іздеп әбігерге түспейді. «Қазақстан темір жолы» (ҚТЖ) магистралды бағыттарда спутниктік интернетті іске қосып, оны Астана – Алматы пойызында сынақтан өткізді.
Жаңа технология алғаш рет Тальго пойыздарының бірінде сынақтан өтті. Сапар барысында 500-ге жуық жолаушы интернетке қосылып, WhatsApp-та бейнеқоңырау шалып, YouTube және басқа да онлайн қызметтерді пайдалана алды. ҚТЖ өкілдерінің айтуынша, интернет байланысы тұрақты жұмыс істеген.
Қазіргі таңда спутниктік интернет Тальго пойыздарының 15 бағыты бойынша қолжетімді. Бұл жаңашылдық алдағы уақытта басқа да бағыттарға енгізілуі мүмкін.
Жаңа қызмет жолаушыларға ұзақ сапар кезінде жұмыс істеуге, оқуға және жақындарымен үзіліссіз байланыста болуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, бұл жоба Қазақстанда цифрлық қызметтердің дамуына тағы бір қадам болмақ.
ҚТЖ басшылығы спутниктік интернет сапасын одан әрі жақсартып, оны барлық жолаушылар пойыздарында қолжетімді етуді жоспарлап отыр.