12.3 C
Шымкент
25-Апрель, 2025
Qazyr.kz порталы
Басты ақпаратЖаңалықтарҚазірМұнай-газ саласы

Қазақстан Түрікменстандағы «Галкыныш» алып газ кен орнын игеру жобасына қатысады

Қазақстан мен Түрікменстан арасындағы энергетикалық ынтымақтастық жаңа деңгейге көтерілді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түрікменстанның Халк Маслахатының төрағасы Гурбангулы Бердімұхамедовпен бейресми кездесу өткізіп, екіжақты әріптестік мәселелерін талқылады. Кездесу барысында Қазақстанның Түрікменстандағы «Галкыныш» газ кен орнын игеру жобасына қатысуы мәселесі талқыланды деп хабарлайды Qazyr.kz

«Галкыныш» газ кен орны – Түрікменстанның ғана емес, бүкіл әлемнің ең ірі табиғи газ көздерінің бірі. Мамандардың бағалауынша, бұл кен орнында 26 триллион текше метрден астам табиғи газ қоры бар. Бұл көрсеткіш бойынша ол ирандық «Оңтүстік Парс» кен орнынан кейінгі екінші орында тұр.

Кен орны 2009 жылдан бастап игеріле бастады. 2013 жылы Қытаймен бірлесіп, ірі газ өңдеу зауыты іске қосылды. Қазіргі таңда жобаны халықаралық консорциум жүзеге асырып жатыр. Негізгі оператор – Түрікменстанның мемлекеттік «Түркменгаз» компаниясы. Оған қоса, Қытайдың CNPC, Оңтүстік Кореяның LG International және Hyundai Engineering, сондай-ақ Біріккен Араб Әмірліктерінің Petrofac пен Gulf Oil & Gas FZE компаниялары қатысуда.Жобаның жалпы инвестиция құны10 миллиард доллардан асты. Соның ішінде 8 миллиард доллары Қытай тарапынан несиелік қолдау ретінде берілген.

«Галкыныш» кен орнын игеру жеті кезеңге жоспарланған. Қазіргі таңда оның алғашқы кезеңі жүзеге асырылуда. 52 ұңғыма пайдалануға беріліп, тағы бірқатары бұрғылану сатысында. Бұл жоба кемінде 50 жылға есептелген, яғни ұзақмерзімді перспективада жаңа серіктестер үшін үлкен мүмкіндіктер ашылады.

Қазақстанның бұл жобаға қатысуы – еліміздің энергетикалық қауіпсіздігі мен өңірлік ықпалын арттыратын маңызды қадам болмақ. Сонымен қатар, Қазақстан мен Түрікменстан арасындағы энергетикалық серіктестіктің нығаюына сеп болары анық.

Айта кетейік, Түрікменстан табиғи газ қоры бойынша әлемде төртінші орын алады. Бұл ел Ресей, Иран және Катардан кейінгі орында тұр. Қазіргі таңда түрікмен газының басты тұтынушысы – Қытай. Сонымен қатар, Түрікменстан «ТАПИ» (Түрікменстан–Ауғанстан–Пәкістан–Үндістан) газ құбыры жобасын жүзеге асыруды жалғастырып жатыр. Бұл жоба да аймақтық энергетикалық қауіпсіздік пен әртараптандыруға серпін береді.

 

 

 

 

Ұқсас жаңалықтар

Ата-анасы мен бауырларынан айырылған ер адамға сот үкімі шықты

Redaktor Site

Қазақстанда судьяларды іріктеу процесі оңтайландырылды

admin_qazyr

Сарыағаштық тұрғын,үйінің ауласында арыстан мен жабайы құстарды асырап келген

redaktor_qazyr

Пікір жазу

Qazyr.kz