Қазақстанда Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында өңірлерді орнықты және теңгерімді дамыту мақсатында жаңа тұжырымдама қабылданды. Бұл туралы Премьер-Министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев Президенттің тапсырмаларын орындау бойынша өткен Үкіметтегі баспасөз мәслихатында мәлімдеді деп хабарлайды Qazyr.kz
2025–2030 жылдарға арналған Өңірлік даму тұжырымдамасы тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыру мен экономикалық әлеуетті ашуға бағытталған. Құжат аясында макрорегиондар мен «өсу нүктелері» негізінде өңірлердің даму басымдықтары айқындалды.
Қанат Бозымбаевтың айтуынша, тұжырымдама шеңберінде әлеуметтік, инженерлік және көлік инфрақұрылымына қолжетімділік теңсіздігін жоюға ерекше көңіл бөлінеді. Инфрақұрылымы әлсіз дамыған өңірлер республикалық бюджеттен басымдықпен қаржыландырылатын болады. Бұл ретте өңірлік стандарттар жүйесі негізге алынады.
Сондай-ақ моноқалаларды дамыту бойынша жаңа шаралар әзірленді. Атап айтқанда, ірі кәсіпорындар мен жергілікті тауар өндірушілер арасында ұзақ мерзімді келісімшарттар мен оффтейк-келісімдер жасау, индустриялық аймақтар құру, ішкі құндылықты дамыту бағдарламаларын енгізу және шағын және орта бизнесті қолдау жоспарланған.
Үкіметтің тағы бір маңызды бағыты – жаңа Алатау қаласын дамыту. Қазіргі таңда қаланың бас жоспары бекітіліп, арнайы экономикалық аймақ пен даму жөніндегі жобалық кеңсе құрылды. Сондай-ақ инженерлік желілердің техникалық сызбалары жасалуда.
Ауылдық аумақтарды дамыту да тұжырымдаманың басты басымдықтарының бірі болып отыр. Бұл бағытта «Ауыл аманаты» және «Ауыл – Ел бесігі» сияқты мемлекеттік бағдарламалар кешенді түрде жүзеге асырылып, өзара үйлестіріледі. Бүкіл өңірлік даму жұмыстары Үкімет жанындағы Жобалық кеңсе арқылы үйлестірілмек.