Qazyr.kz порталы
ӘмбебапБілімҚазір

Қазақстанда алғаш рет суперкомпьютерлік кластер іске қосылады

Қазақстанда өнімділігі шамамен 2 экзафлопс болатын Орталық Азиядағы алғашқы суперкомпьютерлік кластер құрылады. Бұл жоба – еліміздің цифрлық инфрақұрылымын дамытудағы маңызды қадам болып табылады. ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің хабарлауынша, жаңа жүйе жасанды интеллект (ЖИ) пен жоғары өнімді есептеулерге арналып, NVIDIA H200 графикалық процессорлары негізінде жасақталған.

Суперкомпьютер министрліктің Tier III деңгейіндегі жаңа деректер орталығында орнатылып, үздіксіз әрі сенімді жұмыс істеуге арналған. Бұл бастама Мемлекет басшысының ұлттық AI-экожүйесін қалыптастыру жөніндегі Жолдауын жүзеге асырудағы нақты әрекет ретінде бағалануда.

Жаңа технология тек IT-мамандар үшін ғана емес, бүкіл ел экономикасы мен қоғамына игі әсерін тигізеді. Жоғары есептеу қуаты денсаулық сақтау, энергетика, білім беру және мемлекеттік басқару салаларында тиімді пайдаланылуы мүмкін. Ең бастысы — суперкомпьютер ресурстары стартаптар, ғылыми-зерттеу орталықтары мен университеттерге ашық әрі қолжетімді болады.

Жобаны іске асыру аясында Қазақстан алғаш рет жоғары технологиялық жабдықты кедендік баж бен ҚҚС-тан босату тетігін енгізді. Бұл еліміздің IT-нарығын халықаралық компаниялар үшін тартымды етіп, деректер орталықтарын дамытуға серпін береді.

Суперкомпьютерлік кластер құру туралы келісім Presight (G42) компаниясымен серіктестік аясында жасалды. Құжатқа Әбу-Даби тақ мұрагері шейх Халед бен Мұхаммед бен Зайд әл Нахаянның Қазақстанға ресми сапары кезінде қол қойылды. Сонымен қатар, Астанада Presight компаниясының шетелдік кеңсесі ашылды.

Цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиевтің айтуынша, бұл жоба Қазақстанның цифрлық егемендігін нығайтып, елімізді ЖИ технологияларын дамыту мен халықаралық IT-ойыншыларды тарту тұрғысынан өңірлік көшбасшыға айналдыруға мүмкіндік береді.

Жоба 2029 жылға дейінгі жасанды интеллектті дамыту тұжырымдамасын іске асырудағы негізгі кезеңдердің бірі ретінде қарастырылып отыр.

 

Ұқсас жаңалықтар

Қазақстан тарихы тест

Redaktor Site

Абай Құнанбайұлы

Redaktor Site

Қазақстан мектептерінде «111» байланыс орталығының QR-кодтары пайда болды

redaktor_qazyr

Пікір жазу

Qazyr.kz