Алматы – Қазақстанның ірі мегаполисі әрі елдің қаржы, мәдениет және туризм орталығы ретінде тұрақты дамып келеді. Қаладағы инфрақұрылымдық жобалар, инвестициялық белсенділік пен туризм саласының өркендеуі Алматыны Орталық Азиядағы ең тартымды экономикалық орталықтардың біріне айналдырып отыр.
Инфрақұрылымдық жаңғыру
Қала инфрақұрылымын дамыту мақсатында соңғы жылдары бірқатар маңызды жобалар іске асырылуда. Қазіргі таңда ұзындығы 3,1 км болатын «Сарыарқа» және «Достық» метро станцияларының құрылысы жүргізілуде. Бұған қоса, бірнеше күрделі жолайрықтарының құрылысы мен 469 көшеде жол жөндеу жұмыстары басталған.
Қаланың жаяу жүргінші, велосипед және қоғамдық көлік инфрақұрылымы да жаңғыртылып жатыр. Бұл шаралар қаланың экологиялық ахуалын жақсартып, тұрғындар мен қонақтардың өмір сүру сапасын арттырады.
Инвестициялық өсім
Алматы еліміздің ең тартымды экономикалық орталықтарының бірі мәртебесін растай отырып, инвестициялар саласындағы оң серпінді көрсетуді жалғастыруда. Алматы қаласы Экономика басқармасының деректері бойынша, 2025 жылдың қаңтар–сәуір айларында негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 541,3 млрд теңгені құрады. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 35,6%-ға артық.
Салымдардың ең жоғары өсімі келесі салаларда тіркелді:
Білім беру – 7,2 есе, Қаржы және сақтандыру қызметі – 2 есе, Сумен жабдықтау және су бұру – 1,9 есе, Туризм – 1,5 есе, Жылжымайтын мүлікпен операциялар – 22,1%-ға, Электрмен және жылумен жабдықтау – 19,4%-ға, Көлік және логистика – 14,7%-ға өсті
Бұл өсім инвесторлардың экономиканың түрлі салаларына қызығушылығы артқанын және қаланың инвестициялық портфелінің әртараптандырылғанын көрсетеді.
2025 жылға арналған жоспарға сәйкес, Алматы экономикасына негізгі капиталға 2,2 трлн теңге инвестиция тарту көзделіп отыр. Бұл – қаланың инвестициялық әлеуетін одан әрі арттыруға бағытталған маңызды қадам.
Туризм – экономиканың драйвері
Алматы табиғи байлығы мен мәдени нысандары арқылы ішкі және халықаралық туризмнің негізгі орталығы болып отыр. 2024 жылы қалаға 2,34 миллион турист келген, бұл өткен жылмен салыстырғанда 14,8%-ға жоғары көрсеткіш. Туристік ағынның 53%-ын шетел азаматтары құрайды, бұл Алматының халықаралық деңгейдегі беделінің артқанын дәлелдейді.
Туризм инфрақұрылымын жақсарту мақсатында 2025 жылы ұзындығы 100 шақырым болатын 10 жаңа тау бағыттары абаттандырылып, күн панельдерімен жабдықталған 3 кемпинг аймағы салынбақ. Бұған қоса, «Целинный» заманауи мәдениет орталығы мен Almaty Museum of Arts көркемөнер мұражайының ашылуы жоспарланған.
Экотуризмді дамытуда Алматы маңындағы ұлттық парктерде жеке инвесторлар тарапынан 24,5 млрд теңге көлемінде инвестиция тартылып, бірқатар жобалар іске асырылуда, соның ішінде “Аюсай” сапар-орталығы ерекше назар аударарлық.
Алматы – инфрақұрылымдық даму, инвестициялық тартымдылық және туризм саласының жаңғыруы тұрғысынан еліміздің көшбасшы қаласы. Қаланың жан-жақты дамуы оны халықаралық деңгейде бәсекеге қабілетті мегаполиске айналдыруда. 2025 жылға жоспарланған ауқымды инвестициялық жобалар мен туризм инфрақұрылымын кеңейту шаралары Алматының болашағы жарқын әрі тұрақты болатынын айғақтайды.
Бердібек Шархан