Қазақстанда 2025 жылы жоғары оқу орындарына түсуге 93 мың грант бөлінеді. Бұл туралы Премьер-министрдің баспасөз қызметі хабарлады. Гранттар бакалавриатпен қатар магистратура мен докторантура бағдарламаларын да қамтиды. Сонымен бірге, елімізде жетекші шетелдік университеттердің 24 филиалы ашылған.
Премьер-Министрдің орынбасары Ермек Көшербаев Үкіметтегі баспасөз мәслихатында Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау аясында білім беру саласында атқарылып жатқан жұмыстар туралы айтты.
«Биыл елімізде 172 жаңа балабақша ашылып, 13 мың балаға орын берілді. Соның нәтижесінде балабақшаларға кезек азайып келеді. Президент тапсырмасына сәйкес, бүгінде 1,7 миллион оқушы тегін ыстық тамақпен қамтылып отыр. Оның ішінде әлеуметтік осал санаттағы 99 мың бала бар. Бұл мақсатқа 18,4 миллиард теңге бөлінді. Жаңа тамақтану стандарты енгізіліп, балалардың ас мәзірінде көкөніс көбейіп, қант азайып, зиянды өнімдер алынып тасталды. Сонымен қатар, «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы аясында 6,8 миллион балаға болашақта білім алуға және тұрғын үй сатып алуға жұмсалатын қаржы аударылды», – деді Ермек Көшербаев.
Бұдан бөлек, мектептерді салу мен жаңғырту жұмыстары жалғасуда. Соңғы екі жылда елімізде 388 мың оқушыға арналған 274 жаңа мектеп ашылды. Оның ішінде «Жайлы мектеп» Ұлттық жобасы аясында 115 мектеп пайдалануға берілді. Қазір тағы 177 мектептің құрылысы жүріп жатыр.
«Президент тапсырмасына сай 245 мектепке кешенді жаңғырту жүргізілуде. Бұл қарапайым мектептердің сапасын «Жайлы мектептер» деңгейіне жақындатуға мүмкіндік береді. Нәтижесінде 95 мыңнан астам оқушының оқу жағдайы жақсарады», – деді вице-премьер.
Сонымен қатар, студенттердің шәкіртақысы екі есе көбейіп, колледждерді қаржыландыру артты.
«Жаңа жатақханалар салудың арқасында студенттерге орын тапшылығы 72%-ға қысқарды. Алдағы уақытта да бұл бағыттағы жұмыс жалғасады», – деп мәлімдеді Үкімет өкілдері.