Премьер-Министр Олжас Бектенов Үкімет жанындағы Құқықбұзушылықтардың алдын алу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысын өткізді. Отырыста есірткі қылмысына, маскүнемдікке және отбасылық-тұрмыстық қатынастардағы құқықбұзушылықтардың алдын алу мәселелері талқыланды деп хабарлайды Qazyr.kz
Отырыста Ішкі істер министрі Ержан Сәденов жарты жыл ішінде 6,4 тонна есірткі тәркіленгенін, 17 мыңнан астам есірткі сайты бұғатталғанын хабарлады. Сондай-ақ 474 есірткі қылмыскері ұсталып, оның ішінде 28 Telegram-канал әкімшісі анықталған. Қоғамдық орындарда ішімдік ішудің 107 мың фактісі тіркеліп, спирттік ішімдіктерді пайдалануға 11 мың адамға тыйым салынды.
Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова есірткіге тәуелділігі бар адамдарға көмек көрсетудің жаңа тәсілдерін таныстырды. Соңғы бес жылда опиоидқа тәуелділер саны азайғанымен, синтетикалық есірткіні тұтыну артқанына назар аударылды. Елімізде 20 өңірлік психикалық денсаулық орталығы, жүздеген аудандық кабинеттер мен жастардың денсаулық орталықтары жұмыс істейді.
Премьер-Министр нашақорлық пен есірткі саудасының жаңа тәсілдер арқылы таралуы қоғамға қауіп төндіріп отырғанын атап өтті. Ол есірткі сайттары мен онлайн жарнамаларды бұғаттау, күдікті ақша аударымдарын тоқтату, дәріханалардағы қозғалысты бақылауды күшейту және жасөспірімдерге арналған оңалту инфрақұрылымын дамытуды тапсырды.
Маскүнемдікпен күрес аясында ішімдіктен бас тартқан елді мекендердің желісі кеңейеді. Қазіргі таңда олардың саны 400-ден асқан. Статистикаға сәйкес, кісі өлтірудің жартысы, бұзақылықтың әр үшіншісі және тонаудың әр төртіншісі мас күйінде жасалады.
Сонымен қатар, отырыста отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу мәселесі қаралды. Ішкі істер министрлігінің дерегінше, соңғы үш жылда осындай фактілер бойынша өтініштер саны 35%-ға қысқарғанымен, Премьер-Министр бұл бағыттағы жұмысты күшейту қажеттігін атап өтті.
«Мемлекет басшысы айқындаған “Заң мен тәртіп” қағидаты қоғамда кез келген зорлық-зомбылыққа жол берілмейтінін білдіреді. Біз заңнаманы қатаңдаттық, жауапкершілік күшейтілді», — деді Олжас Бектенов.
Ол тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, психологиялық көмек көрсету, жергілікті атқарушы органдардың және ҮЕҰ-лардың өзара іс-қимылын арттыру, отбасын қолдау орталықтарының желісін дамыту қажеттігін атап өтті. Білім министрлігіне зорлық-зомбылық куәгері болған балаларды ерте анықтау және қолдау тетіктерін әзірлеу тапсырылды.
Отырыс қорытындысында Премьер-Министр рақымшылыққа іліккен азаматтарды бейімдеу және рецидивтің алдын алу бойынша кешенді шараларды жүзеге асыруды жүктеді.

