Жыл басынан бері мүгедектігі бойынша және асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақыларды төлеуге республикалық бюджеттен 53,2 млрд теңге жұмсалды. Бұған қосымша Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан еңбекке қабілеттілігінен айырылу және асыраушысынан айырылу бойынша шамамен 7,4 млрд теңге сомасына әлеуметтік төлемдер жүзеге асырылды, деп хабарлайды Qazyr.kz. ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
2025 жылғы 1 ақпандағы жағдай бойынша мүгедектігі бойынша МӘЖ алушылар саны шамамен 541,7 мың адамды, асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша – шамамен 193,3 мың адамды құрады.
Мүгедектігі бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылардың мөлшері мүгедектіктің тобына және себебіне, сондай-ақ тиісті қаржы жылына арналған «Республикалық бюджет туралы» заңда белгіленген ең төмен күнкөріс деңгейінің шамасына байланысты болады.
Асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылардың мөлшері қайтыс болған асыраушының асырауындағы адамдардың санына, қайтыс болу себептеріне және ең төмен күнкөріс деңгейіне байланысты болады.
Бұдан басқа, міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушыларға әлеуметтік тәуекелдер туындаған жағдайда МӘСҚ-дан әлеуметтік төлемдер жүзеге асырылады. Мәселен, 2025 жылғы 1 ақпандағы жағдай бойынша 86,1 мың адам еңбек ету қабілетінен айырылу бойынша әлеуметтік төлем, ал 61,3 мыңға жуық отбасы асыраушысынан айырылу бойынша әлеуметтік төлем алды.