Қазақстанда енді тұтынушылардан тек қолма-қол ақшамен төлем жасауды талап ететін кәсіпкерлер әкімшілік жауапкершілікке тартылатын болды. Мұндай заңбұзушылық жасағандарға 157 мың теңге көлемінде айыппұл салу қарастырылған.Бұл туралы Qazyr.kz тілшісі хабарлайды.
Мемлекеттік кірістер комитетінің мәліметінше, жаңа талапты бұзған кәсіп иелері жазасыз қалмайды. Соңғы уақытта дүкендерде немесе басқа да қызмет көрсету орындарында төлемді QR-код немесе банк аударымы арқылы қабылдаудан бас тартатын жағдайлар жиілеген. Мұндай әрекеттер көбіне кәсіпкерлердің кірістерін жасыру мақсатында жасалатыны белгілі болып отыр. Осындай жағдайға тап болған азаматтар кірістер департаментіне шағымдана алады.
Сонымен қатар, 2023 жылдан бастап қазақстандықтардың мобильді аударымдарына бақылау күшейтілді. Егер бір жеке тұлға ай ішінде 100 немесе одан көп адамнан 255 мың теңгеден астам сома алса, ол кәсіпкер ретінде тіркелуге міндетті.
Заңгер Венера Нұрғалиқызының айтуынша, сатушылар төлем қабылдаудың үш түрін ұсынуға міндетті:
1. Қолма-қол ақша;
2. Банк картасы арқылы төлем;
3. QR-код арқылы аударым.
Егер кәсіпкер сатып алушыдан тек қолма-қол ақшамен есеп айырысуды талап етсе немесе басқа төлем әдістерін қабылдаудан бас тартса, бұл әрекет заңға қайшы деп танылады.
Бұл қадам елдегі көлеңкелі экономиканы азайтуға және салық жүйесін жақсартуға бағытталған. Тұтынушылар өз құқықтарын қорғау үшін осындай жағдайларда жауапты органдарға хабарласуы қажет. Жаңа талап кәсіпкерлерді де, қарапайым азаматтарды да табыстарын заңды түрде рәсімдеуге ынталандырады.