Қазақстанда агроөнеркәсіптік кешенді дамыту мақсатында ауыл шаруашылығы саласына қолжетімді қаржыландыру тетіктері кеңейіп келеді. 2025 жылы ауыл шаруашылығы техникасы паркін жаңарту үшін «Жеңілдетілген лизинг» бағдарламасы аясында 250 млрд теңге бөлінбек. Бұл кемінде 6 мың бірлік заманауи техника сатып алуға мүмкіндік береді деп хабарлайды Qazyr.kz
Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаровтың төрағалығымен өткен кеңейтілген алқа отырысында аграрлық секторды жеңілдетілген несиелеу мәселелері талқыланды. Іс-шараға облыс әкімдерінің орынбасарлары, салалық басқармалар мен қаржы институттарының басшылары қатысып, 200-ден астам маман бас қосты.
Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ербол Тасжүреков ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу, техника сатып алу, көктемгі егіс пен күзгі жинау жұмыстарын жүргізу сияқты негізгі бағыттар бойынша жеңілдетілген қаржыландыру көлемі артқанын жеткізді. Биыл көктемгі егіс пен күзгі жинау жұмыстарына 7 230 ауыл шаруашылығы тауарын өндірушіге 468,2 млрд теңге бөлініп, бұл 7,5 млн гектар егістік жерді қамтыған.
Сонымен қатар, «Даму» қоры арқылы жалпы сомасы 212,8 млрд теңгеге 1 226 кепілдік берілген. Қайта өңдеу саласын қолдау мақсатында жылдық мөлшерлемесі 5%-ға дейін арзандатылған жаңа субсидиялау тетігі енгізілді. Бұл бағытқа «Аграрлық несие корпорациясы» арқылы 44 млрд теңгеден астам қаражат бағытталмақ.
Мал шаруашылығын қолдау мақсатында «Бәйтерек» холдингімен бірлесіп, бордақылау алаңдарын қаржыландыруға бағытталған жаңа жеңілдетілген несиелеу бағдарламасы іске қосылмақ. Жылдық 5% мөлшерлемемен 50 млрд теңге көлемінде несие беру көзделуде. Сонымен қатар, «Даму» қоры арқылы кепілдендіру тетігі де қарастырылған.
Министр Айдарбек Сапаров жеңілдетілген несиелеудің басты мақсаты – аграрлық секторда өнімділік пен экспорттық әлеуетті арттыру екенін атап өтті. Алқа отырысының қорытындысында қаржының тиімді пайдаланылуын қамтамасыз ету, жылыжайлар мен жеміс бақтарын қаржыландыруды «Кең дала-2» бағдарламасына енгізу және Солтүстік Қазақстан облысының оң тәжірибесін тарату сияқты нақты тапсырмалар берілді.