Маңғыстау облысында «Келешек мектептері» жобасы шеңберінде ауқымды білім беру инфрақұрылымын дамыту жұмыстары жүргізілуде. Жоба аясында жалпы саны 12 600 оқушыға арналған 13 жаңа мектептің құрылысы қолға алынып, олар кезең-кезеңімен пайдалануға беріліп жатыр деп хабарлайды Qazyr.kz
Бүгінгі таңда 4500 орындық 4 мектеп ел игілігіне тапсырылды. Атап айтқанда, олар Ақтау қаласының 17, 19 және 33-шағынаудандарында, сондай-ақ Мұнайлы ауданының Батыр ауылындағы Хазар шағынауданында орналасқан.
2025 жылға өтпелі кезеңде құрылыс жұмыстары жалғасып, қыркүйек айында 6600 орындық 8 мектеп, ал қазан айында 1500 орындық 1 мектепті іске қосу жоспарланған. Бұл мектептер Ақтау қаласының Өмірзақ ауылы, Рауан тұрғын массиві, 20-шағынауданы, Жаңаөзен қаласының Мерей шағынауданы, Бейнеу ауданының Сам және Бейнеу ауылдары, Маңғыстау ауданының Қосбұлақ-2 шағынауданы мен Мұнайлы ауданының Маңғыстау-3, Батыр ауылы және Самал шағынаудандарында бой көтеріп жатыр.
Жаңадан салынған білім ұяларының бірі — Мұнайлы ауданы, Батыр ауылы, Самал шағынауданында орналасқан №20 жалпы білім беретін мектеп. 1200 оқушыға арналған бұл мектеп заманауи білім талаптарына сай салынған. Мектепте 56 пән кабинеті қарастырылған, оның ішінде STEM зертханалары, визуалды дизайн және хореография кабинеттері бар.
Сонымен қатар, ерекше білімді қажет ететін оқушыларға арналған сенсорлық бөлме, логопед, дефектолог және психолог кабинеттері заманауи құралдармен жабдықталған. Оқушылардың бос уақытын тиімді өткізу үшін екі спорт залы, шеберхана, тамақтану мәдениеті кабинеттері, дизайн және технология бағытындағы үйірмелер жұмыс істейтін болады.
«Келешек мектептері» жобасы – өңірдегі білім сапасын көтеруге және балалардың жан-жақты дамуына бағытталған маңызды қадам. Жаңа мектептердің ашылуы Маңғыстау халқы үшін үлкен әлеуметтік серпіліс болмақ.