Астана қаласындағы ауыл мектептері педагогтерінің республикалық форумы кезінде Ақмола облысында мұғагім болып жұмыс істеп жүрген жас маман Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевқа Жамбыл облысындағы мектептерге мұғалім болып жұмысқа тұру үшін пара сұрайтындығын айтты.Бұл туралы Qazyr.kz хабарлайды.
«Мен қазір Ақмола облысында жұмыс істеп жүрмін. Ал негізі өзімнің туған өлкем Жамбыл облысында жұмыс істегім келген еді.Алайда ол жақтағылар «орын жоқ» деген желеумен шығарып салды. Министрлікке арыз жазсақ, дәлел сұрайды. Жарайды, мен ізденіп жүріп Ақмола облысынан жұмыс таптым. Ал менің ізімді басатын іні-сіңлілерім де ертең мен көрген дүниелерді көрмесе екен деймін. Қазір бір жерге жұмысқа кіру керек болса, кемінде 1 млн теңге не болмаса 1,5-2 млн теңге сұрайды. Тек мұғалімдер арасында демеймін. Негізі оңтүстік өңірде сыбайлас жемқорлық көп салаға кіріп кеткен. Ең маңызды мамандық деп есептелетін мұғалімдер де осындаймен бетпе-бет келіп жүр. Қашан мен сияқты жастар ақшасыз, өзі жұмыс табатын күн болады?» — деп сұрады жас маман.
Ал министр Бейсембаев жас маманға: «Бәрі өзімізден басталады. Сұрақ қойдыңыз ғой, енді осыны өзіңізден бастаңыз. Ешкімге ренжімей, адал болыңыз. Айналаңыз ұрлап жатса да, адалдықты сақтаңыз. Менде мына жақта күйіп отырамын. Қанша рет тексеру жібердік?! Бір Түркістан облысына 10 рет тексеру жібердік. Қоятын кез келді ғой… Бірақ бүкіл өңір жаман деуге болмайды. Сіз ақыры Ақмола облысына келген екенсіз, осы жерде мықты маман ретінде жұмыс істеп жетіліңіз. Одан кейін мен сізді Жамбыл облысына басқарманы басқаруға жібере аламын. Сол кезде осы былықтың бәрін жойып, тәртіпке келтіре аласыз»,- деді.