QAZYR.KZ: Әр адам дүниеге келгеннен-ақ болашақ өмір іргетасын қалаудың алғашқы қадамдарын бастайды. Ол – өлшемі жоқ, шексіз «Өмір жолы». Оның өлшемін әрбір тұлға өзі айқындайды.
Дегенмен адамдардың арманына жету-жетпеуі әрқалай. Бірі көздеген шыңын бағындырады, бірінің сағы сынады, ал біреулер үшін мақсаты жай ғана қиял болып қала береді. Көздеген мақсатына жете алмауына қашан, қалай, қайда бастағаны емес, жалған стереотип, жігерсіздік және қорқыныш себеп болады. Жайлы ортада өмір сүруге үйренген жандар – «қараңғыда жортқандар». Олар:
— Жеңіске жетуді қалайды, бірақ дұрыс бағытты көрмейді.
— Кедергі мен қиындықтан қорқады, бірақ аңғармайды.
— Мақсатына кеш жетеді немесе мүлдем жетпейді. Ал баяулығын сақтыққа балайды.
Ал жетістікке жеткен, «жарықта жортқан» табысты жандардың дерліктей барлығы – бизнес майталмандары. Олар:
— Көздеген шыңының қаншалықты ұзақ екендігін жақсы біледі, кедергілер мен қиындықтарды айқындап алады және сонысына қарай жоспар түзіп, сапарға шығады.
— Көздеген шыңына жеткен соң артына бір көз тастап, қай жол дұрыс я бұрыс, қай бағыт жеңіл деген сұрақтарға жауап тауа отырып, өзінен кейінгілерге өлмес өсиет пен мол мұра қалдырады.
Ал неге мақсатқа жетудің төте жолы – бизнес? Бизнес не үшін тиімді күнкөріс көзі болып табылады? Бизнес майталмандарының көздегені не, қаншалықты дұрыс бағыт?
Төмендегі мақсатына жете алмаған жанның(0) өмірлік ұстанымдарына берген табысты кәсіпкердің(1,2,3…) жауаптары осы сұрақтармен қатар «Мен не үшін бизнес ашқым келеді?» деген сұраққа жауап болмақ:
0: Менің әдемі өмір сүруіме ақшаның қажеті жоқ және мен ақшаға тәуелді емеспін.
1: Сен өмір бойы өзгенің шаруашылығын дөңгелетіп, өзгеге 6-12 сағат бойы тер төгіп, қызмет етесің. Себебі сен ақшаға тәуелдісің. Ал мен әрдайым өзімді және өз кәсібімді дамытумен айналысамын және мен 24 сағат бойы тоқтаусыз ақша табамын. Алайда мен қазір гольф ойнап жүрмін.
0: Мен күні-түні жұмыс істеу арқылы, бойымдағы бар күшімді сарп қылып болсын Отанымның дамуына үлкен үлес қосамын.
2: Мен бойымдағы 100% күшті пайдаланғаннан гөрі, 100 адамның 1% күшін пайдалана отырып (авт. – Д. Роквеллер) Отанымды дамытамын және бұл сенің еңбегіңнен 1 000 есе артық.
0: Бұл өмір — жалған. Мен қанша ақша тапсам да күнімді көрсем болды. Менің бұл өмірдегі басты міндетім – Құдайға құлшылық жасау.
3: Әрине! Бірақ сен бар табысыңды өзіңнің ішіп-жеміңе, киім-кешегіңе жұмсайсың. Ал Құдайдан денсаулық, мол табыс пен бақытты өмір сұрайсың. Сенің бұл ісің – өзімшілдік. Мен Құдайға құлшылық етіп қана қоймай, тапқан табысымның бір бөлігіне мешіт, жол, медреселер, бау-бақшалар саламын; қайырымдылық қорына ақша аударып отырамын. Бұл менің өзім үшін ғана емес өзгелер үшін де құлшылық жасағаным болмақ.
0: Мен ата-анамды бағуды парыз санаймын.
4: Мен ата-анамның суық баспанада, арзан, сапасыз тағамдар жеп, бір зейнетақы мен жалақыға қарап отырғанын қаламаймын. Мен ата-анамның сапалы, табиғи тағамдар жеп, Мекке мен Мединаға сапар шегуін, курорттар мен санаторийлерде демалып, Жер шарлап, ел-жер көруін, одан ләззат алуын, ауруына ем болатын қымбат дәрілер мен ем-домдарды қиындықсыз қолдануын және әрдайым әр жерде көңілді, абыройлы және мені мақтаныш етіп жүруін өзіме перзенттік парыз санаймын.
0: Мен әдеби кітаптардан оқыған ұлы дәйексөздер мен бастығымның айтқан керемет сөздерін, аға-көкелердің ақыл-кеңестерін ұлымның құлағына құя отырып, тәрбиелеймін.
5: Бала ата-анасының айтқанын емес, істегенін істейді. Мен әрдайым өзімнен кейінгілерге үлгі болуға тырысамын.
0: Мен абырой мен ақша жинағаннан гөрі, қиындықсыз нағыз өмірді сезінгім келеді және көреген адам болуды қалаймын.
6: Өмірде қиындық жоқ, сынақ бар. Сынақтан сүрінбей өткендер ғана нағыз өмірдің дәмін сезіне алады. Ал көреген адам көп оқыған емес, көп көрген адам. Бизнес адамды әбден пісіп жетілдіреді. Себебі тек бизнес тәуекелділік, қайсарлық, сенімділік, табандылық, көшбасшылық, дұрыс және сыпайы, ойланып сөйлеу, ақылдылық, интуиция, жылдам шешім қабылдау, соңына дейін күресу, т.б. секілді нағыз адами қасиеттердің барлығын өмірде қолдануды үйретеді. Осы мінездерді іс жүзінде үйреніп, пайдаланған адам ғана нағыз данышпан адам бола алады.
0: Менің тарих бетінде атым қалып, өзімнен кейінгілер менімен мақтануын қалаймын, алайда не істеу керектігін білмеймін.
7: Тек жаңа жол, жаңа бағыт сала білген адам ғана тарих бетіне алтын әріптер мен қала алады. Сен қалдыратын төленуге тиісті шоттар сенен кейінгілерге үлгі бола алмайды.
0: Мен халық жағдайын тұрақтандыру үшін тер төгемін.
8: Мен халық жағдайын жақсарту үшін тер төгемін…
…Бізде, қазақстандықтарда бәрі бар: кең-байтақ жер, сұлу табиғат, ұлан-ғайыр жайылымдар, пайдалы қазбалар, мемлекеттік қолдаулар, жаңа мүмкіндіктер, дайын бизнес-жоспарлар, ақыл-кеңестер т.б. Елімізге келе қоймаған бизнес идеялар да қаншама. Халқымыздың әрбір беткеұстар азаматтары тым болмағанда бір саланы дөңгелетіп әкетсе, еліміздің экономикалық жағдайы өркендеп, халық жағдайы әлдеқайда жақсы.