Qazyr.kz
БілімМәдениет

Мұхтар Шаханов-Шың басындағы оқиға

Бір-бірінен көз айырмай үздігіп
Құзар шыңның басында тұр қыз, жігіт.
Қыранымсың күллі Кавказ мақтаған,
Қанатыңа алғаныңа шаттанам.
Тағдырымды бердім, жаным, қолыңа,
Енді өзің біл,
Сенсіз өмір жоқ маған! –
Деді сұлу жасаурап от жанары.
Жігіт те оған ырзалықпен,
Ерге біткен мырзалықпен
Жүрегінен жалын шаша қарады.
«Қандай бақыт түсініскен, сеніскен».
Біраздан соң, қиқу шықты еңістен –
Бұл, әрине, қуғыншының хабары.
— Нар тәуекел,
Келсе, келсін! –
Батыр жігіт томсарды,
Томсарды да, қанжарына қол салды.
— Жо-жоқ, күнім,
Қайсарланба бекерге,
Жалынамын,
Әкеме қол көтерме.
Жазмыш солай болған шығар,
Көнеміз.
Әттең, ерте қайырылады-ау кемеміз.
Енді бізге бір жүру жоқ,
Сондықтан, екеуміз де құздан ұшып өлеміз.
Тіршілікте жетпесек те мұратқа,
Ақыретке бір барамыз бірақ та.
Ант еткенмін алған серттен танбасқа,
Жасымасқа,
Жүнжімеске,
Талмасқа.
Өміріме шуақ құйған өзің, ең,
Өлімге де алдыменен сен баста!-
Деді ерні дір-дір етіп ақ маңдай,
Ақ маңдайы алауланып ақ таңдай.
Жігіт үнсіз бас изеді күлімдеп,
Тұңғиықтан шығар бір жол тапқандай.
Ақтық рет қызды құшып сүйді де,
Өлімге емес,
Тойға бара жатқандай
Шыңнан төмен қарғып кетті тоқталмай.
Қыз жылады құзға шағып зар-мұңын,
Қарғап, сілеп дүниенің тарлығын.
Секіруге сүйгенінің соңынан
Бірақ күші жетпей қалды сорлының.
Өзі берген сертін өзі сата ма,
Сатқандық па?
Атай көрме,
Атама!
Секіруге оқталғанда қайтадан
Өмір тәтті боп көрінді, О, тоба!
Ат терлете
Көктеп өтіп шатқалды
Біраздан соң қуғыншылар кеп қалды.
Қыз бейшара тұманданып көз алды,
Бір қызарды,
Бір сұрланды,
Бозарды.
Әбден қанып ұғынған соң мән-жайға
Қияқ мұртты қыз ағасы сөз алды:
— Әке, қызың күйе жақты данқыңа,
Күйе жақты ата-баба салтына.
Сатқындықтан жиренішті не болмақ
Таудың қайсар ұлағатты халқына.
Неткен азап қорлық жеңіп арыған
Қызыңды енді бөгеме, әке, жолынан,
Батаңды бер,
Сертін жықпай аттансын
Сүйгенінің соңынан.
Бұдан төте өткел бар деп іздеме,
Осы жеңіл өзіне де, бізге де. –
Сосын қызға бұрылып:
— Кәне, қалқам, неге тұрсың үдеріп?
— Әмин,- деді әкесі де түнеріп.
Кәрі көзін күдік қатқан
Ту еңісте жігіт жатқан
Құзар шыңның қойнауына жіберіп.
Қыз жылады:
— Арым да қан,
Жолым қан.
Қинамаңдар,
Солай болды сорымнан.
Өз еркіңмен өлу ерлік екен ғой,
Ондай ерлік келер емес қолымнан.
Перзентіңді ете көрме келеке,
Ая мені,
Ая мені, жан әке!

Qazyr.kz

Ұқсас жаңалықтар

Қазақ хандығының хандары

Redaktor Site

Сарыағаш — Түркістан пойызының жүру кестесі

redaktor_qazyr

Абай Құнанбайұлы

Redaktor Site

Пікір жазу

Бұл веб-сайт тәжірибеңізді жақсарту үшін cookie файлдарын пайдаланады. Сізге бұл жақсы деп есептейміз, бірақ қаласаңыз, бас тартуыңызға болады. Қабылдау Толық оқу

Құпиялық және cookie файлдары саясаты