Qazyr.kz порталы
АймақҚазірҚоғам

Жетісуда үздік полиция қызметкерлері марапатталды

Қазақстан полициясы күніне орай Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев өңір полицейлерін кәсіби мерекелерімен құттықтап, өз саласында үздік шыққан қызметкерлерді марапаттады деп хабарлайды Qazyr. kz  облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Мерекеге орай өңір басшысы Полиция департаментінің әкімшілік ғимаратында арнайы техникалар мен құрал-жабдықтардың көрмесін аралап көрді. Көрмеде «Арлан» арнайы бөлімшесінің, кинологиялық қызметтің, Жылдам қимылдайтын арнайы жасақтың қару-жарақтары мен әскери техникалары таныстырылды. Қазақстанда жасалған «Алан-2» және ресейлік «Тигр» арнайы машиналары да көпшіліктің назарына ұсынылды.

Салтанатты жиында тәртіп сақшылары ерлікпен қаза тапқан әріптестерінің ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, олардың рухына тағзым етті.

І.Жансүгіров атындағы Мәдениет сарайында жалғасқан жиында облыс әкімі Бейбіт Исабаев полиция қызметкерлерінің қоғамдық қауіпсіздікті сақтаудағы еңбегін ерекше атап өтті. Ол өз сөзінде облыстың үш жыл ішінде жеткен әлеуметтік-экономикалық жетістіктері қоғамдағы тұрақтылықтың арқасында жүзеге асқанын айтты.

— Сіздердің кәсіби шеберліктеріңіз бен азаматтық борыштарыңыз — елдегі тұрақтылықтың сенімді тірегі. Осы еңбектеріңіз үшін алғыс білдіремін. Енді жыл сайын үздік қызметкерлер «Үздік қызметі үшін» номинациясымен марапатталып отырады, — деді әкім.

Биыл «Үздік қызметі үшін» марапатын Талдықорған қаласы полиция басқармасының тергеушісі Еңлік Базарбаева, Ақсу ауданы полиция бөлімінің учаскелік полиция инспекторы Ерік Наваев және Көксу ауданы полиция бөлімінің жедел уәкілі Ғабит Мұқанов алды. Сондай-ақ, адам құтқаруда ерлік көрсеткені үшін полиция майоры Мирас Даутов ҚР Премьер-Министрінің Алғыс хатымен марапатталды.

Жиында Жетісу облысы Полиция департаментінің бастығы, генерал-майор Сарқытбай Құсайынов ішкі істер органдарының беделі артып келе жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, соңғы жылдары жүйелі өзгерістер мен заманауи техникамен жарақтандырудың арқасында өңірдегі қылмыс деңгейі айтарлықтай азайған.

— Біздің басты қағидамыз — «Заң мен тәртіп» идеологиясын іске асыру, — деді департамент басшысы.

Өз сөзінде марапатталған полиция қызметкерлері де өз мамандықтарын абыроймен атқару — басты міндеттері екенін атап өтті. Мысалы, үш жылда алғаш рет марапатталған тергеуші Еңлік Базарбаева бұл жетістікті өзінің еңбегіне берілген баға деп бағаласа, полиция майоры Мирас Даутов азаматтық борышын ғана орындағанын айтты.

Жалпы, облыс қайта құрылғаннан бері полиция департаментінің материалдық-техникалық базасы нығайып, құқық бұзушылық деңгейі екі есеге төмендеді. Қарақшылық, ұрлық, бұзақылық секілді қылмыстар да азайып келеді.

 

 

Ұқсас жаңалықтар

«Алма-Арасан» – термалды бұлақ туристік бағыты қайта жаңғыртылуда

admin_qazyr

Қоғамдық кеңес – халықтың тыныс-тіршілігіне әсер ететін шынайы алаң

admin_qazyr

Шымкентте аялдамада жоғалған баланы полицей тауып алды

redaktor_qazyr

Пікір жазу

Qazyr.kz