Қазақстан Премьер-Министрі Олжас Бектенов Ресей Үкіметінің төрағасы Михаил Мишустинмен кездесті. Кездесу Ресей Федерациясының Алтай Республикасында өтті деп хабарлайды Qazyr.kz
Тараптар мемлекеттер басшылары деңгейінде қол жеткізілген келісімдердің іс жүзінде орындалу барысын сөз етті. Олар Қазақстан мен Ресей арасындағы стратегиялық әріптестік пен одақтастыққа негізделген жоғары сенім мен конструктивті диалогты атап өтті.
2024 жылдың қорытындысы бойынша екі ел арасындағы өзара сауда көлемі 27,8 млрд долларды құраған. Ал биылғы жылдың қаңтар-мамыр айларында көрсеткіш 9,6 млрд долларға жетті.
«Екі ел басшыларының тапсырмасы бойынша өзара сауда көлемін 30 млрд долларға дейін ұлғайту бағытында мақсатты жұмыс жүргізіп жатырмыз. Инвестициялық ынтымақтастықты дамытуға зор мүмкіндік бар. Жалпы, екіжақты өзара іс-қимылдың кең ауқымды мәселелерін шешуде Үкіметаралық комиссия тиімді жұмыс істеп келеді», — деді Олжас Бектенов.
Кездесуде тараптар Қазақстан мен Ресей арасындағы әріптестікті тереңдету шеңберінде биыл күзде Орал қаласында өтетін XXI өңіраралық ынтымақтастық форумына дайындық барысына да ерекше назар аударды.