Соңғы жылдары Қазақстанда өндірістің ішкі ресурстарға негізделуі мен отандық өнім үлесінің артуы айқын байқалуда. Бұл үрдіс әсіресе металлургия, жеңіл өнеркәсіп және электроника салаларында байқалады. Нәтижесінде, импорттық өнім біртіндеп ішкі өндіріс есебінен ығыстырылып жатыр.
Қазақстан Республикасының Индустрия және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаевтың айтуынша, отандық өңдеуші кәсіпорындарды қолдаудың тиімді құралдарының бірі – оларды реттелетін мемлекеттік сатып алуларға қатысу құқығымен басымдық беру. Бұл туралы министр Үкімет отырысында мәлімдеді.
Мемлекеттік сатып алулар аясында ұлттық режимнен алынған тауарлар тізімі бүгінде 4 834 позицияны қамтиды. 2025 жылдың алғашқы бес айының қорытындысы бойынша мемлекеттік органдар 303 миллиард теңгеге 96 мыңнан астам келісімшарт жасасқан. Бұл көрсеткіш өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда үш есе жоғары.
Сонымен қатар, өңірлерде шағын өнеркәсіптік аймақтарға деген сұраныс өсіп келеді. 2024 жылы Үкімет жаңа бағдарламаны іске қосты, ол кәсіпкерлерге дайын өндірістік алаңдар ұсыну арқылы жергілікті өндірісті дамытуға және инвестиция тартуға мүмкіндік береді.
Индустрия және құрылыс министрлігінің мәліметінше, қазіргі таңда елдің сегіз өңірінде жалпы ауданы 200 мың шаршы метрден асатын 34 шағын өнеркәсіптік аймақ құрылысы іске асырылып жатыр. Бұл мақсатқа бюджеттен 46,6 млрд теңге бөлінген.
«Бағдарлама өңірлердегі бизнес тарапынан үлкен сұранысқа ие болды. Осыған байланысты министрлік Өнеркәсіпті дамыту қорына келіп түскен өтінімдерді қанағаттандыру үшін қосымша қаржыландыру мүмкіндігін қарастыруда», – деді Ерсайын Нағаспаев.
Қазақстанда өндірілетін өнім көлемінің артуы – ел экономикасының тұрақтылығы мен бәсекеге қабілеттілігін арттыратын маңызды фактор. Мемлекеттік қолдау шаралары, кәсіпкерлікке арналған инфрақұрылым және тиімді бағдарламалар – осының бәрі елдің өндірістік әлеуетін күшейтуге бағытталған. Алдағы уақытта бұл бағыттағы жұмыстар одан әрі жалғасып, Қазақстанның өнеркәсіптік дербестігі нығая түспек.
Бердібек Шархан