Қазақстанда ұялы байланыс операторлары алдағы кезеңде тарифтер құнын тағы да қайта қарап, бағаны орта есеппен 10–15 пайызға көтеруді жоспарлап отыр. Бұл туралы отандық ірі телекоммуникациялық компания басшылары мәлімдеді, деп хабарлайды Qazyr.kz тілшісі.

Үкімет алаңында өткен баспасөз мәслихатында нарықтың негізгі ойыншылары — Beeline («КаР-Тел»), Kcell және Tele2/Altel («Мобайл Телеком – Сервис») басшылары тарифтік саясаттағы өзгерістердің жай-жапсарын түсіндірді. Олардың айтуынша, бағаның өсуі ең алдымен инфляция деңгейімен, электр қуатының қымбаттауымен және жаңа инфрақұрылым құруға қажетті шығындармен тікелей байланысты.

«Beeline-да бағаның түзетілуі орта есеппен 10% шамасында болады деп болжануда. Бірақ бұл барлық абонентке бірден емес, кезең-кезеңімен енгізіледі. Бір базалық станцияны жабдықтарымен бірге орнату қазір кемінде 30 миллион теңге тұрады», – деп мәлімдеді баспасөз мәслихатында компания өкілдері.

Операторлар бағаны неге өсірмек?

«Кселл» АҚ басқарма төрағасы Асқар Жамбакиннің айтуынша, компания тарифтерді 10–12% шегінде қайта қарау мәселесін қарастыруда. Ал «Мобайл Телеком – Сервис» басшысы Александр Бабичев бағаның өсуі жекелеген тарифтерге ғана қатысты болып, 10–15% деңгейінде сақталатынын атап өтті.

Байланыс операторларының мәліметінше, соңғы жылдары елімізде мобильді интернетті тұтыну көлемі 4 есеге жуық артып кеткен. Интернетті белсенді пайдалану инфрақұрылымға түсетін салмақты еселеп, жаңа базалық станциялар салуды, қымбат бағалы шетелдік жабдықтар мен серверлер орнатуды талап етуде.

Байланыс операторларының есебінше, соңғы төрт жылда бір гигабайт мобильді интернеттің орташа құны доллармен есептегенде 40%-ға төмендеген. Десе де, валюта бағамының ауытқуы мен шығындардың өсуі операторлардың күрделі шығындарын жалпы табысының 20%-ына дейін жеткізген.

Министрлік бағаны реттей ала ма?

Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі өкілдері бұған дейін Кәсіпкерлік кодекске сәйкес мобильді байланыс тарифтерін мемлекеттік реттеу алынып тасталғанын, сондықтан билік баға саясатына тікелей араласа алмайтынын еске салған болатын.

Қазіргі таңда Қазақстан халқының 95%-ға жуығы 4G, ал 60 пайыздан астамы 5G желісімен қамтылған. Операторлар тарифтердің қымбаттауы алдағы уақытта жарияланатын кестеге сәйкес, әр абонентке заң бойынша кемінде 30 күн бұрын хабардар етіліп барып енгізілетінін мәлімдеді.