Qazyr.kz порталы
АймақӘмбебапҚазірҚоғам

Сарқан ауданында алғашқы Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы ашылды

Жетісу облысы Сарқан ауданында алғашқы Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы ашылды. Облыс әкімі Бейбіт Исабаев жұмыс сапары аясында аталған жаңа нысанның жұмысымен танысты,- деп хабарлайды Dalanews.kz

Сарқан қаласындағы Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы «Жанұя» отбасын қолдау орталығымен қатар орналасқан. Онда зейнет жасындағы тұрғындарды әлеуметтендіру, физикалық және психикалық денсаулықтарын нығайту үшін оларды белсенді мәдени, шығармашылық, спорттық шараларға тартуға барлық жағдай жасалған. Ыңғайлы болу үшін екі орталыққа бір көлік берілген.

Белсенді ұзақ өмір сүру орталығына келген ардагерлермен әңгімелескен Бейбіт Исабаев биыл Алакөл, Көксу аудандарында осындай екі нысан ашылатынын айтты.

— Біздің міндетіміз – аға буынға қамқорлық жасау. Біз сіздерге еселі еңбек етіп, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосқандарыңыз үшін алғыс айтамыз. Сонымен қатар жастардың лайықты азамат болып өсуі үшін ұрпақ тәрбиесіне, қоғамдық өмірге белсене қатысқандарыңыз маңызды. Осыған байланысты бізге сіздердің білімдеріңіз, өмірлік тәжірибелеріңіз бен қолдауыңыз қажет, — деді облыс әкімі.

Одан соң өңір басшысы Сарқан қаласында 2023 жылы ашылған «Жанұя» отбасын қолдау орталығының қызметімен танысты. Атап өтсек, орталықта 19 қызметкер жұмыс істейді. Мұнда өмірлік қиын жағдайға тап болған және тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған адамдарға әлеуметтік, құқықтық, психологиялық көмек көрсетіледі. Орталыққа жүгінгендерге бір айға дейінгі мерзімге уақытша тұруға мүмкіндік жасалған. 2024 жылы орталыққа 106 өтініш келіп түссе, ал осы жылдың басынан 24 өтініш түскен. Осы орайда алдын алу шаралары аясында өңірдің әрбір ауданы мен қаласындағы орталықтармен бірлесіп, құрамында аудан-қалалар әкімдерінің орынбасарлары, әлеуметтік қызметкерлер, білім беру, денсаулық сақтау және құқық қорғау органдарының өкілдері бар арнайы мобильдік топтар жұмыс жүргізуде.

Жетісу облысында 7 «Жанұя» отбасын қолдау орталығы жұмыс істейді, ал биыл осындай орталықтар Ақсу, Ескелді және Көксу аудандарында іске қосылмақ. Орталықтарды құру мен ашу «AMANAT» партиясының 2023-2027 жылдарға арналған сайлауалды бағдарламасын орындау аясында жүргізілуде.

Жалпы бұл — аймақтағы осындай екінші нысан. Еске салсақ, өткен жылдың қаңтар айынан облыс орталығы Талдықорған қаласында 220 орынға арналған Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы өз жұмысын бастаған болатын.

Ұқсас жаңалықтар

Қазақстанда қоғамдық орындарда діни киім киюге тыйым салынбақ

redaktor_qazyr

Кілемдегі дақты қалай кетіруге болады?

redaktor_qazyr

Егер аралар жер бетінен жойылып кетсе, адамзат төрт-ақ жыл өмір сүреді

redaktor_qazyr

Пікір жазу

Qazyr.kz