Бүгін Алматыда шахмат сүйер қауымды бір арнаға тоғыстырған «Senat Open 2025» турнирінің II ашық кубогы өтті. Бұл спорттық шара Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының қолдауымен және Қазақстан шахмат федерациясының бастамасымен ұйымдастырылды деп хабарлайды Qazyr.kz
Қазақстан Шахмат Федерациясының Президенті Тимур Турлов турнирдің ашылуында сөз сөйлеп, оның маңыздылығына тоқталды:
«Бүгін шахмат тарихында маңызды күн. Мұнда түрлі сала мамандары бақ сынайды. Барлығына сәттілік, шын мықтыларға жеңіс тілеймін. Бұл тек шахмат ойыны емес, бұл — зейінді арттырудың, ойлау қабілетін дамытудың, бірлік пен пікір алмасудың алаңы. Турнир алты ай бойы еліміздің әр аймағында өтті. Бұл — Мәулен Әшімбаев мырзаның бастамасымен жүзеге асып жатқан маңызды жоба», — деді ол.
Алматыдағы сайысқа 124 шахмат ойыншысы жиналды. Олардың қатарында мәслихат депутаттары, мемлекеттік қызметкерлер, қоғамдық ұйымдардың мүшелері, ардагерлер және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері болды. Жарыс швейцариялық жүйе бойынша 9 турда өтті. Әр ойынға 10 минут және әр жүріске қосымша 5 секунд уақыт берілді. Бұл формат қатысушылардың зейінін, стратегиялық ойлауын және жылдам шешім қабылдау қабілетін сынауға мүмкіндік берді.
Еске сала кетейік,
2025 жылдың 21 ақпанында басталған «Senat Open 2025» II ашық шахмат кубогы еліміздің барлық өңірлерін қамтып, 3 мыңға жуық қатысушыны біріктірді.
«Senat Open 2025» үш кезеңнен тұрады:
Іріктеу турлары – 21 ақпаннан 18 мамырға дейін Қазақстанның барлық өңірлерінде өтті. Іріктеу турларынан үздік нәтиже көрсеткен 35 ойыншы жартылай финалға жолдама алды.
Жартылай финал – 15 маусымнан бастап еліміздің Солтүстік, Оңтүстік, Батыс, Шығыс және Орталық Қазақстан өнірлерінде ұйымдастырылады.
Финалдық кезең – 29 тамызда Астана қаласында өтеді.
Алдағы жартылай финалдар мен финалдық кезеңде қатысушылар өз өңірлерінің намысын қорғап, шахмат шеберліктерін көрсетеді.
Екі жыл қатарынан сәтті ұйымдастырылып келе жатқан «Senat Open» турнирі еліміздегі шахмат мәдениетінің дамуына елеулі үлес қосып отыр.