Түркістан облысында блогер, қоғам белсендісі және «С-Информ» газетінің өкілі Рүстем Ашетаев қамауға алынды. Бұл туралы журналист Амангелді Батырбеков Telegram-арнасында хабарлады.
Оның айтуынша, Ашетаевты облыстық полиция департаментінің тергеу басқармасы мен ұйымдасқан қылмыспен күрес басқармасының қызметкерлері ұстаған. Құқық қорғау органдары Қылмыстық кодекстің 194-бабы («Бопсалау») бойынша қылмыстық іс қозғап, жасырын жедел-іздестіру шараларын жүргізуде. Полиция департаменті әзірге ресми түсініктеме берген жоқ.
Белгілі болғандай, Ашетаев бұған дейін өз жазбаларында облыстық полиция басшылығын, соның ішінде генерал Қабденовті бірнеше рет сынға алып, онымен кездесуден бас тартып жүргенін мәлімдеген.
Бұл – Қазақстанда блогерлердің бопсалау күдігімен қамауға алынуының алғашқы жағдайы емес.
2025 жылдың қаңтарында Алматыда кәсіпкер мен екі блогер 8 млн теңге бопсалау күдігімен ұсталды.
Ақпанда Қостанай облысы Қарабалық ауданында блогер Миршат Сарсенбаев 15 млн теңге талап етті деген айыппен қамауға алынды.
Сәуірде Шымкентте мектеп мұғалімінен ақша бопсалаған блогер ұсталды.
Мамырда Петропавл қаласында «Магнум» және «Семейный» сауда желілерінен ақша талап еткен екі блогер сотталды.